Келіншектерге кеңес

Келіншектерге кеңес
Қазіргі кейбір келіншектерге қарап қарным ашады. Жап-жас болып өзгелерге мұндай тәкәппарлықпен қарауына жол болсын дерсіз. Бірден айтайын, ешнәрсені біліп туғаным жоқ. Менің бағыма көреген әжелерімнің немере, шөбересі болу, шаруа ананың перзенті болу, пысық жеңгелерімнің ортасында өсу бұйырыпты. Бүгінгі «келіншек», «әйел» мен — солардың үлгі-өнегесінің нәтижесімін. Қазақ келіншегіне тек қазақ әйел ғана ақыл айта алады дегенді естіп ем. Құптаймын. Себебі, қазақ келіншегінің өмір салты өзгелерге ұқсамайды.

Және заман қанша өзгерді десек те, қазан-ошақ иесі ОТАНАСЫ үшін еш өзгермейтін заңдылықтар бар. Олар:

1.Уақытпен достасып үйреніңіз. Өз қара басына үлгермеген адам, ешнәрсеге де үлгермейді. Әдемі, сүйкімді, қылықты болыңыз. Оның барлығы уақыт. Сіз "Үлгермедім" деген сөзді білмеуіңіз керек. Болашақта сіздің бағып-қағуыңызда жұбайыңыз, бала, үлкендер болады. Үлгермеймін деген — сылтау, уақытты дұрыс ұйымдастыра білсеңіз барлығын да шыр айналдырасыз.

2. Үйіңізді жайнатып ұстаңыз. Отбасы мүшелері үшін ең қолайлы, ең жылы жер өзінің шаңырағы болсын. Сол кезде ғана отағасынан бастап барлығы жұмыс, оқудан жаны жай табатын үйіне асығатын болады. Балалар сол жерге тартылып, даладан қызық іздемей, үйді айналшықтап кеткісі жоқ болады. Өз үйі – тірегі, өз үйі – жұмағы, өз үйі – ең қауіпсіз мекені болуы шарт.

3. Күнделікті ас әзірлеу. Қажытып жіберетін әрекет болғанның өзінде ең болмағанда күніне бір рет ерекше дәмді тағам дайындаңыз. Жалпы дәмді, пайдалы тамақ дайындау басты міндетіңіз болсын. Отағасы жүрген жерінде сіз әзірлеген асты аңсасын. Ал балаларыңыз ұяда көргенін ұшқанда іледі. Жоқтан бар жасап, мейрамханадағыдай ас ішу балаларыңыз үшін қалыпты жағдайға айналсын. Ұлыңыз кейін әйелдікке көреген қыз іздеп, алған жарынан сол деңгейді талап етеді. Ал қызыңыз өзіңіздей отбасын үйлесімді ұстап, ерінің көңілінен шыға білетін болады.

4.Жүрген жеріңізде атыңызға лайықты жүріңіз. Шақырған жерден қалмаңыз. Ер адамыңызбен келіспей қалғанның өзіңде бір өзін сүмірейтіп, сопайтып жібермей, бірге барыңыз. Ал бір өзіңіз отағасының рұқсатынсыз ешқайда барушы болмаңыз. Ол жібергеннің өзіңде сіздің сөзіңізден, өзіңізді ұсауыңыздан қожайыныңыз бар екендігі белгілі болсын. Үйіңізге келген адамнан ешқашан ешнәрсе дәметпеңіз. Бірақ, өзіңіз құр қол өзге үйге кіруші болмаңыз. Өзіңізге келген сәби, келіншектерді де құр қол қайтармауға тырысыңыз. Қазақ келіншегі қашан да ертеңін ойлайтын, үнемді, жинақы. Ұстататын ешнәрсе табылмай қалғаны ұят нәрсе. Сіздің сандығыңыздан табылатын нәрсе көп болуы тиіс. Біреудің бергеніне қарап бермеңіз. Санаспаңыз. Ол лайықты келмесе де, сіз лайықты барыңыз. Жаныңыздағы қыз-келіншектер сізден қарап үйренсің. Өзгелерге үлгі бола біліңіз.

5.Көргеніңізді істеңіз. Бір үйге қонаққа бардыңыз ба, үйренерлік жақсы не бар, соны меңгергеніңізше қоймаңыз. Кешкі ас ішіп отырған мейрамханадан көзге жағымды, көңілге қонымды нәрсе көрдіңіз бе, үйге келіп істеп көріңіз. Мысалы, сүлгінің оралуына назар салыңыз. Бізде көпшілік келіншектер өздері де білмейді, ең болмағанда көргенің де істемейді. Жүрген жеріңізден үйреніп жүріңіз. Адамның өз білетіні қашан да аздық етеді. Ізденіңіз, сұраңыз, оқыңыз әйтеуір, үйрене беріңіз.

6.Әр нәрсені ретімен, жөнімен істеңіз. Халық ешқашан қай жаманды да ер адамнан көрмейді. «Берейін десе, көмектесейін десе оның қолын қағып отырған әйелі ғой», «шақыру керектігін ол қайдан білсің, әйелі біліп сыбырлай салуы керек, айтпай тұр ғой», "әйелі дұрыс болса, ондай болмас еді, тәп-тәуір жігіт қор болды" деп әйеліне кінә артады. Шынымен, ер адамның ондай нәрселермен басын қатыруға уақыты жоқ. Сондықтан, айналамен қарым-қатынастың ретін, орнын ойлауы керек сіз ғана. Үйретпеді ме, үйрететін адам болмады ма тағы да сол ізденіңіз, оқыңыз. Себебі, қазақ үшін әркімнің бір-бірінің алдындағы орны, ізеті, беретін, айтатын, шақыратын, жасалынатын жөні, салт-жоралары өзгермейді. Орнымен орындалмай қалса тек өзіңізге сын.

7. Қонақ шақырсаңыз, шын пейіліңізбен, барыңызды салып шақырыңыз. Ана жерден жырып, мына жерден үнемдеп шақырушы болмаңыз. Бүгінгі күні төселіп салып, таң атқанға дейін қонақ болып отыратын адам жоқ. Өмір қарқынына сай әркімнің уақыты санаулы. Сондықтан «Берместің асы піспес» дегізбей барлығын тез дайындап, әдемі ұйымдастырыңыз. Қонақ келгенде күні бойы дайындап итім шыққан мен едім деп ас үйден олпы-солпы үй киімімен атып шығушы болмаңыз. Әдемі, келісті киініп, жылы жүзбен қонағыңызды қарсы алып, осы кештің иесі, ханымы екеніңізді көрсетіңіз. Үйіңізге келген адам «әйелі қандай-ды» деп таңдай қаға риза болып, алғысын айтып кететіндей болу керексіз. Қонақ аз отырып, көп сынайды. Сондықтан сырт көзге көптің арасында жылтырап тұрғаныңызбен шақырған қонағыңыздың көңілінен шыға алмасаңыз, әйел атыңыздың құны бес тиын.

Сөз соңы: әйел – отбасының айнасы. Сіздің әрекетіңізге қарап барлық отбасы мүшелеріне баға береді. Сондықтан, олардың абыройы мен беделіне жауапты сіз ғана.

Динара Болат
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.