Әдемі, білімді. Бірақ, жалғыз. Неге?

admin 8-02-2016, 19:28 Жан саулығы 0 пікір
Әдемі, білімді. Бірақ, жалғыз. Неге?
Әдемі, білімді. Бірақ, жалғыз. Неге? Өзіме қыздар тарапынан «Білмеймін, бірінші кездесуден кейін танысқан жігітім хабарласпай қойды. Неге?», «Ылғи, жүріп бастап, кейін айнып кетеді ме, көпке бармаймыз. Неге?» деген сұрақтар жиі қойылады. Қарап тұрсаң, көрікті, білімді, жұмысы бар, аяқ-қолы сау қыздар. Әрине, қыз бен жігіт арасындағы қатынаста қыз тарапынан оның сөйлеу, өзін ұстау, киім кию мәнері ең бірінші жағдайды анықтаушы фактор. Бірақ, әрі қарайғы қатынастың өрбуі немесе тұрақтануы қыз баланың жан дүниесіне тәуелді.

Осыған байланысты бірталай бақылаудан кейін келесідей қорытындыға келдім. Бір адамда белгілі бір қасиет, мінез-құлық белсенді көрінсе, екінші біреуінде ол енжар көрінеді. Жалпы өмірдегі, негізгі жетістікке жетелейтін жол адамның шеттен шықпауында, қай-қай нәрседе тепе-теңдікті ұстай білуінде. Орыс тілінде «золотая середина» деген ұғым бар, міне сол. Сондықтан, қыздар олардан жігіттердің қашып кетпесі үшін қандай тұстарын тепе-теңдікте ұстау керек:
1.А) Тым тұйық. Тым тұйық қыздарға жігіттің жақындауының өзі қиын. Себебі, уақыт тапшы заманда дені дұрыс жігіттің «Қалай істесем?» деп басын ауыртуға уақыты жоқ. Тіпті, үлкен қызығушылықпен танысқанның өзінде танысу, сөйлесудің барысында қыз ойдағыдай ашылмаса, әр сөзді қыз аузынан зорлықпен шығарып отыру тағы да есіл кеткен уақыт. Әңгіме барысын үйлесімді өрбіте алмасаңыз, сіздің жұмбақтығыңыздың түкке де қажеті жоқ. Іш пыстыратын емес, жан қуантатын нысанға айналудың жолын ойлаңыз.
Ә) Тым ашық. Езуінен күлкі жиналмайтын, аузында әзілі мен сөзі дайын, көрінген қыз-жігіттің барлығына алыстан қол бұлғайтын қыз үлкен топтың көз қуанышы болмаса, жеке бір адамның бақыты бола қоймас. Себебі, жігіт әрқашанда «мендік» сезімін басшылыққа алады. Ал әр амалы көпке белгілі, сырсыз сандық, ашық кітаптың иесі болу жігітке абырой әкеле қоймайды. Тіпті, мұндай қыздар бірінші кездесуде бар өмірбаяны мен арман, жоспарын жая салып, жігіттің өзіне деген ұмтылысын бірден су сепкендей басады.

2.А) Өз-өзіне тым сенімді. Өзіне тым сенімді адамның сөзі де, ісі де әдетте, өзіне көп алумен ұласады. Қарым-қатынас кезінде назарды тек өзіне шоғырландыруға тырысып, өзінің дегеніне басымдылық береді. Ал, әрдайым «мен» деп көкірек керіп отырған қыз жігіттің бір жағынан мысын басса, екінші жағынан құтын қашырады. Себебі, ер адам өзінің мықтылығын әйел баласының жанында сезіну керек. Орынды әлсіздік, нәзіктік танытып қана жігіттің сізге қорған болуына, сізге пайдалы болуына, дәлірек айтсақ өзін нағыз ер сезінуіне жол ашуыңыз керек. Адам өзін маңызды сезінген жерде ғана тұрақтайды. Ал, егер сіз жігітсіз де барлық шаруаңызды шеше алатын мықты болсаңыз, сізге жігіттің де қажеті жоқ деген сөз.
Ә) Қиын адам. Өз-өзіне әбден сенімсіз, айналасы толған проблема, «менің ана жерім сопақ, мына жерім опақ» деп ыңылдап, күнде қирай беретін адам бүгінгі күні әркімнің өз қайғысы өзінде болып жүргенде кез келгеннің ығырын шығарады. Соның ішінде, қыздан мейрам, тыныштық, жұмақ іздейтін ұлдардың шарадай басын екі адамның жүгімен шақшадай қылғысы келмейтіндігін түсінуге болады. Сізден көктемнің лебі есіп, айналаңызды нұрға толтыра алғанда ғана сіз өзгеге керексіз.

3.А) Тек менікі. Азғантай уақыт қарым-қатынастан кейін «мені неге іздемейсің?» «маған неге айтпадың?» деп жігітті және қарым-қатынасты уысыңызда ұстауға тырысу үлкен қате. Ешкім ешкімге ешнәрсе міндетті емес. Ал, сол танысқан жігітке биттей жармасып, содан басқа өмірде қызығы жоқтай тек сол адамға қадалу, қоңырау шалып, хабарлама жіберіп, соңын аңду жігітті сізден мезі қылмаса, сізді өзіне тартқызбайды. Қыз өзінің саналы, әдемі әлемімен қызықты.
Ә) Құрбышыл. Әрдайым өз құрбыларының пікірімен жүретін, солардың көңілін қалдырмайын деп қай құрбысына да шапқылай беретін қыздарға алдымен өзіне қажетін анықтап алған жөн. Құрбыларыңызға басымдылық беріп, жігіттің сіздің өміріңіздегі орнын төмендету оның сізден кетуіне әкеп соғады. Себебі, кез келген қарым қатынаста үшінші жаққа орын жоқ. Ол әлемде тек екі адам.

Сөз соңы: Әйел болу — өнер. Қарым-қатынас — еңбек. Барлығы өзіңізге байланысты. Бақытты болыңыздар!


Динара Болат
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.