"Жоқ!" деп айта аласыз ба?

admin 12-02-2016, 22:54 Жан саулығы 0 пікір
Біздің қазақ әуелден ұяң, момын, «Кісінің көңілі бір атым насыбайдан қаладыны» желек етіп, әр жерден иіліп-бүгіліп өтетін халық. Соның салдары болу керек, бүгінгі біз де сол қасиетке салынып, ойымыздағыны айта алмай, көп жағдайда алдымыздағы адамның қас-қабағына қараймыз. Әдетте, айналамыздағылардың кез келген ұсынысы мен өтінішінен бас тарта алмай, мұңы мен басындағы қайғысы бітпейтін құрбыны тыңдау, өзің ішімдік ішпесең де ішетін досыңмен бірге соның көңілі үшін түнді түнге ұластырып отыруға душармыз. Мұндай жағдайда барлығы дерлік өздерін «Құрсыншы», «Ұят болады», «Жарайды, ренжітіп алармын» деген сөздермен жұбатып алады. Әйтеуір, барлығының көңіліне қарап, барлығына жағу жолында «Жоқ!» деп айтуды үйрене алмай келеміз. Нәтижесінде, бекер кеткен уақыт, қайтарылмаған қарыз, орындалмаған уәде, жұқарған жүйкеге ие болып опық жейміз.

«Жоқ!» деп айтып үйренуіміз керек! Өзіміз үшін және өзгелер үшін! Қалай? Ол үшін әр ұсыныс пен өтінішке келісер алдында өзіңізге келесі сұрақтарды қойыңыз:

1.Мұны орындауға жағдайым, не мүмкіндігім жете ме?

Мәселен, шариғатта «Ең алдымен өз отбасыңа, қала берді басқаларына жәрдем ет» деген. Сондықтан, өзіңіз бен өз отбасыңыздың қажеттіліктерін қамтамасыз етпей тұрып, өзгенің жоғын жоқтауға жүгіргендігіңіз аңқылдақтық емес, ақымақтық болар еді.

2.Бұл іспен айналысқым келе ме?

Ұсыныс алған кезде оны шын жаныңыз қалап, көзіңіз жайнап сала берсе, әрине! Ал, егер керісінше, ол сізге қуаныш сыйлай алмайтын болса, көңіліңізді ортайта берудің не қажеті бар?!

3.Ол үшін менің уақытым жеткілікті ме?

Өзінің уақытын сыйлай алмаған, өзгенің уақытын сыйлап қарық қылмайтыны белгілі. «Иә!» демес бұрын, ертең осы келісіміңіз үшін жоспарланған маңызды істеріңізге үлгере алмай жүрмейсіз бе, соны ажыратып алыңыз.

4.Бұл келісім қандай нәтиже береді?

Жоғарыдағы үш сұрақтан аман шықсаңыз, ендігі кезекте келісіміңіздің қандай нәтиже беретіндігін егжей-тегжейлі сарапқа салыңыз. Келісіміңіз екі жақты да бірдей қуантып, бірдей өсірсе, бәрекелді! Алайда, көп жағдайда біздің жұмсақтығымыз, кейін өзімізге жала, жаза, кінә болып артылады. Соны ескеріңіз!

Осы төрт сұрақтың біреуінен жаңылдыңыз ба? Демек, сіздің жауабыңыз «Жоқ!» болуы тиіс. Ендігі міндет, алдыңыздағы адамға айтар жауабыңызды негіздеу. Бұл кезекте қырық сылтау ойлап таппай, мәселенің ашығын айту керек. Сіз «Жоқ!» деп айтып үйренген кезде, өзіңіз үшін және өзгелер үшін көп нәрсе орын орнына қойылады. Тіпті, айналаңыздағылар сүзгіден өтіп, кімнің-кім екенін көретін сәт туады. Себебі, шын жанашыр, нағыз дос әрдайым сіздің пікіріңізді, ұстанымыңыз бен таңдауыңызды сыйлайды және оған түсіністікпен қарайды. Сондықтан, алға!!!

Динара Болат
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.