Жүкті әйелдің тамақтануы

Әйел жүкті болысымен-ақ оған бұрын есте болмаған әр түрлі ойлар келеді. Әсіресе, тар құрсағын кеңітіп, тұңғышын күтіп жүрген кезде. Осы жайды ескере отырып, біз жүкті әйел қалай күтініп, қалай тамақтануы керектігі жөнінде әңгімелемекпіз.
Екіқабат әйелдің ағзасы ақуызды көп қажет етеді. Өйткені, ақуыз (белок) бұл сәби тәнін өсіруші басты нәрсе. Сондықтан, болашақ ана ішіп-жейтін тағам ішінде айран, сүт, ақ ірімшік және жұмыртқа, балық, ет, сонымен қатар белокқа бай азық түліктер: үрмебұршақ (фасоль), атбұршақ (горох), көкбұршақ немесе жасымық (маш) болуға тиіс. Етті қуырмай, асып жеуге тура келеді. Әйел екіқабат болғанына төрт-бес ай толғанда аптасына кемінде екі-үш рет ет жеуі тиіс. Майлардан тез сіңетін сары май, балық майы мен өсімдік майын пайдаланған дұрыс. Қойдың құйрық майының сіңуі қиын, сондықтан оны асқа араластырмай-ақ қойған жөн.
Жүкті әйелдің тамағында көкөністердің көбірек болуына дәрігерлер үлкен мән береді. Өйткені, бұлардың құрамында іштегі баланың сүйегі түзіліп, қаны көбейуіне керекті тұздар да, дәрумендер де жеткілікті.
С витамині негізінде өсімдік тағамдарында (орамжапырақ, қызанақ, көк пияз, ас көк) болады, аздап болса да картопта кездеседі. Егер оны көбірек жесе, ағзаға керекті С дәруменін картоп та жетістіреді. Әлбетте, картопты қуырып немесе «картофель фри» түрінде емес, қайнатып, буға, немесе қабығымен пешке пісіріп жеген жағдайда ғана. Аса бағалы С витамині әсіресе итмұрын жемісінде, қарақатта, қарлығанда, шиебүлдіргенде, алманың солтүстік сорттарында және цитрусты жемістерде (лимон, апельсин, мандарин) өте көп. С витамині үйде дайындалған томат шырыны мен томат пастасында да аз емес. Ал, дүкеннен алынған томат пастасынан еш пайда жоқ, себебі оның құрамында дәруменге қарағанда консерванттар басым. Сондай-ақ, шетелдік цитрусты жемістерді де абайлап жеңіз. Көбіне оларды дәрімен өсіріп, көктей үзеді және біздің жаққа жеткенше шіріп кетпеуі үшін зиянды қоспалармен өңдейді. С дәрумені ағзаға өте қажет. Оның босанған кезде қан кетуін тоқтатуға, қан қысымын қалпында сақтауға себепші болатыны анықталған.
В1 дәрумені қара нанда, бауырда, сиыр және құс еттерінде, сұлы, арпа және қарақұмық жармаларында көп болады. Әйелдердің бір көңіл бөлетін мәселесі: ағзада В1 витамині жетіспеген жағдайда жыныстық сезім төмендеп кетеді, ал бала көтерген кезде В1 витамині ағзаны толғаққа әзірлеп, ауруды бәсеңдетеді. В2 дәруменінің де маңызы кем емес, ол емшек ұшының жарылуының алдын алады және оны емдейтін дәрі де боп есептеледі. Болашақ ана үшін күнде таңертеңгілік жарма ботқа жеудің маңыздылығы осыдан.
Д витамині балық майында, жұмыртқаның сарысында, уылдырықта және сүт тағамдарында кездеседі. Д дәруменінің аз мөлшері бактерицидтік әсерге ие, ол қан ұюына көмектеседі. Бұл әсіресе босанған кезде қажет.
А дәрумені - сары майда, жұмыртқаның сарысында, бауыр мен балық майында. А витамині нәрестенің бойы бірқалыпты өсуі үшін керек.
Е витамині өсімдік майларында, көкөністер мен әртүрлі дәнді дақылдарда және жұмыртқаның сарысында көп болады. Е дәрумені (токоферол) ұрықтану қабілеті мен емшек сүтінің жиналуын арттырады. Сондықтан оны дәрігерлер бедеулікке және әйелдің етеккірден тоқталған кезіндегі өзгерістерге қарсы ұсынады.
Ішіп-жеген тамағында В және Е дәрумендері болмаса, түсік тастайтынын немесе баланы шала туатынын әйелдер жақсы білуі тиіс. С және Д дәрумендері болмаса, баланың сүйегі жақсы жетілмейді де, тістерінде кемшілік болады, ал анасы қан аздыққа ұшырайды. А және Д дәрумендері жетіспесе, босанғаннан кейін де созылмалы аурулар қозып кетуі мүмкін. Ұрықтың алғашқы өсе бастаған кезінде анасында В1, В2, С, Е дәрумендері жеткіліксіз болса, тұқымдық ұрықтың өліп кететіні зерттеу жұмыстарында анықталған. Дәрумендер жетіспеген әйелдер арасында жақсы тамақтанатындармен салыстырғанда шала туатындар екі жарым есе, баланың өлі туылуы төрт есе көп кездеседі екен. Сондықтан, ауру - астан екенін ескере отырып, жүкті әйелдің дұрыс тамақтануына нәрестенің әкесі, басқа да туыстары аса мән беруі қажет.
Әйел ағзасында кейбір витаминдердің жетіспегендігі оның босанған кезінде де байқалады. Толғақ ауырлап, ұзаққа созылады, әйел кешігіп босанады. Осындай зардаптарды болдырмау үшін дәрігерлер жүкті әйелдерге алғашқы үш айда және соңғы үш айда дәрумендер қабылдауды міндеттейді. Жас көкөніс, жеміс аз болатын қыс, көктем айларында жасанды витаминдер қабылдау қажет. Ерекше тоқталатын жайт: қазіргі уақытта әсіресе жас аналар аса құмар фаст-фуд өнімдері: гамбургер, чипсы, кириешки, картофель-фри, қуырылған тауық, газдалған сусындар, кола, т.б. ағзаны дәруменмен байытудың орнына, оларды жоятынын ескеріңіз.
Ең бастысы, ананың ішкен-жегенінің бәрі құрсақтағы балаға «жолдасы» арқылы баратынын ұмытпаңыз. Болашақ сәбиіңіздің денсаулығы сіздің қолыңызда.

(с) ak-kelin.kz
Оқи отырыңыз
Жулдыз
26 наурыз 2016 00:21
+ +2 -
Болашакта керек болар кенестер!
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.