Ас үйде уақыт үнемдеудің 5 құпиясы

Әйел өмірінің төрттен бірін ас үйде өткізеді. Ертеде оны "от анасы" деп бекер атамаған. Әсіресе, үй шаруасында, бала бағып отырған келіншектер үшін бүкіл күн үш мезгіл отбасыңа тамақ беріп, арасында ыдыс жуумен өтіп жатқандай боп көрінеді. Ал, әлемде басқа да қызық көп. Ендеше, уақытты үнемдеп үйренейік.

1. Асты мол етіп əзірлеу. Кей келіншектер тамақты неғұрлым аз істесең, соғұрлым дəмді болады деп есептейді. Бұл жаңсақ пікір. Тағамды бүкіл отбасыңызға жететіндей етіп мөлшерлеп, одан екі есе көп жасаңыз. Күтпеген жерден қонақ келіп қалуы мүмкін. Ешкім келмесе де, түсте дайындаған асыңыздың артылғанын кешке жылытып жейсіз. Екі жағдайда да бірнеше сағат уақытыңыз үнемделеді.

2. Екі-үш қазандықты қатар пайдалану. Газ плита немесе электр пеші болсын, ас үйіңізде тұрған құрылғының бірнеше көзі бар. Оларды бос қоймаңыз. Біреуінде ас піссе, екіншісінде салаттың көкөністері қайнап жатсын. Астыңғы пешке бұл уақытта нан немесе бəліш сап қоюға болады. Жеке-жеке уақыт жұмсамайсыз. Бəрі бірге піседі. Тым құрығанда, тамақтың қамымен қазан асқанда, қасына шəугімді толтырып су қойыңыз. Ет-пет қуырылғанша су қайнайды. Əсіресе, сұйық тағам жасағанда жақсы.

3.Асты баяу отта пісіру. Өз басым ешқашан алдымен бəрін турап алып, содан кейін пісірмеймін. Менің ас əзірлеуім қазанды отқа қоюдан басталады. Қажетті нəрселерді пісу ұзақтығына қарай шетінен турап, жуып, тазалап, салып тұрамын. Күйіп кетпеу үшін отты жай жағамын. Біріншіден, бұқтырылған тамақ денсаулыққа пайдалы, екіншіден, тағам əзірлеуге уақытты тұп-тура екі есе аз жұмсайсыз. Ең тез пісетін соңғы ингредиентті салғанша, алғашқысы пісіп те қалады. Ең көп пісетін, əдетте, ет. Ал, қазақ етсіз тамақ ішпейді:-).

4. Тамақ жасау барысында пайдаланған ыдыс-аяқ, тақтай, пышақтарды бірден жуып тұру. Көкөністерді бірден полиэтилен қапшыққа аршып, аузын буып, қоқысқа тастай салыңыз. Үстелді сүртіп, нан турап, қасықтарды қойып, дастархан жасай беріңіз. Бұл кеңес, әсіресе, ас дайын болғанша бірлі-жарым сағат уақытым бар ғой деп, ас үйді жайратып, теледидар тұрған бөлмеге қашатын немесе телефон шұқылай қалатын қыз-келіншектерге арналады:-).

5. Тамақ мәзірін алдын-ала жоспарлау. Пысық келіншектер бүгін не пісіретінін бір апта бұрын біледі дейді. Ал, сіз тым құрығанда бір күнннің таңғы, түскі және кешкі асын жоспарлап үйреніңіз. Қажетті тізім қолыңызда немесе ойыңызда болса, дүкенге барғанда бар-жоғыңызды түгендеп аласыз. Сонда белге алжапқышты байлап, білекті түріп, кірісіп жатқан кезіңізде бір нәрсе жоқ боп шығып, бәрін тастап, дүкенге қайта жүгірмейсіз.

Осынау қарапайым қағидалар арқылы ас үйде біраз уақыт үнемдеп, ол уақытты өзіңізге ұнайтын басқа іске арнауға әбден болады. Ал, ең басты құпия - бала-шағаңыз, жарыңыз бен келген қонағыңызға бар ынты-шынтыңызбен дастархан жая біліңіз. Көңілсіз берген шәй кермек татып тұрады, көңілмен піскен ас - көңілді толтырады. Кәдеңізге жарасын!

Нәзира Бердалы


(с) ak-kelin.kz
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.