Құрсақтағы шарана қалай дамиды?

Құрсақтағы шарана қалай дамиды?
Соңғы етеккірдің алғашқы күнінен бастап санағанда 280 күннің ішінде іштегі бала дұрыс өседі, айы күніне жетіп туады. Әрбір әйелдің дәл қай күні босанарын кесіп айту мүмкін емес. Сондықтан, белгілі мерзімінен он күн бұрын немесе кейін босанады деуге бола береді.
Ұрықтанған тұқымның жатырдың қай жеріне орнығуының да зор мәні бар, өйткені іштегі баланың алдағы тағдыры осыған байланысты. Ұрықтың бір қалыпты өсуі үшін ұрықтанған жасушаның жатырдың бір қабырғасына орналасуы шарт. Оның жатыр ішінің жоғарғы сол жағына бітуі 70 пайыз, оң жағына орнығуы 30 пайыз болып кездеседі. Кей уақытта ұрықтанған жасушаның жатыр ішінің жоғарғы жағына орналасуына дұрыс жағдай болмай, ол өзіне орынды жатырдың төменгі жағынан сайлайды. Кейін бала туарда да осы жолмен келеді. Мұндай жағдайда түсік тастау көп болады және баланың құрсақта өсіп жатқан кезінде анасының жыныс жолдарынан қан кетіп, өзінің де, іштегі баланың да өміріне қауіп төнеді. Мұндай жағдайда бірден жедел жәрдем шақырып, әйелдер босанатын үйге жету керек.
Жүкті әйелдің ағзасында болып жатқан табиғи үдерістің күрделілігін толық түсіну үшін нәрестеге неше ай болғанын біліп отыру қажет.
2 айлық кезінде ақ оның басының, қол аяғының, мұрын, көз және құлағының нұсқалары білініп қалады.
3 айға толғанда ұзындығы 8-9 см, салмағы 20 г. шамасында болады. Сыртқы жыныс мүшелері де айқындала бастайды. УДЗ (ультрадыбыстық зерттеу) кезінде тәжірибелі дәрігер құрсағыңыздағы нәрестенің ұл не қыз екенін дөп басып айта алады.
Уақыт өткен сайын ана құрсағындағы бала да өсе береді. Алғашқы 6 айда шарана салмағының 25 пайызы ғана өсетінін, ал 75 пайызы қалған 100 күннің үлесіне тиетінін әрбір әйелдің біліп қойғаны жөн. Жұмыс істейтін әйелдерге босану алдындағы демалыстың осы кезде берілетіні сондықтан.
Айына жетіп туған баланың салмағы кемінде 2600 г, көбіне 3 кг мен 4 кг арасында болатынын, ал бойы осыған сәйкес 50 см және одан да ұзынырақ келетінін білу болашақ аналар үшін қызық нәрсе. Шала, 7 айлығында туған нәрестенің салмағы 2600 граммнан да кем болады, бірақ дұрыс баптап күтсе ол да бала боп кетеді.

ak-kelin.kz
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.