Нәресте қалай пайда болады?

admin 8-04-2016, 22:37 Денсаулық 0 пікір
Нәресте қалай пайда болады?
Әйелдің бала көтеруі оның денсаулығына жақсы әсер етіп, жан-жақты жетіліп, толысуын қамтамасыз ететін табиғи процесс. Ана болу - әйел ағзасының бар мүмкіншілігін жұмылдыратын күш. Бірақ аналық міндеттің дұрыс атқарылуы көбіне жыныс мүшелерінің жағдайына, олардың ішінде өтіп жататын физиологиялық үдерістердің дұрыстығына байланысты.
Жыныстық қосылу кезінде еркектен тұқымдық шәуһет (сперма) келетіні белгілі. Мұның ішінде 200-ден 500 миллионға дейін шәуһет денешіктер, яғни, еркектің тұқым клеткалары болады. Олар ер адамның тұқым бездерінде түзіледі. Мұны студент Гам бірінші болып ашып, 1677 жылы оны А.Левенгук сипаттап жазған.
Жатыр мойнының қынап жағына қарап тұрған артқы қуысына келіп құйылған осынша көп шәуһет қайда кетеді деген сұрақ туады.
Бұған біз жауап берейік: шәуһет денешіктердің біразы сыртқа шығып кетеді, ал қынап ішінде қалғандарының көпшілігі өліп қалады, өйткені, қынаптың қышқыл реакциясы оларға жаман әсер етеді. Сондықтан, бала көтергісі келетін әйелдерге дәрігерлер жатарда 1 литр суға шәй қасық ас содасын ерітіп, қынап ішін бүркіп жууға кеңес береді. Ас содасының сілтісі жоғарыда аталған қышқыл реакцияны жояды.
Ары қарай, неғұрлым күшті денешіктер жатыр мойнының каналы арқылы оның ішіне өтеді де, одан кейін жатыр трубасының ішіне түседі. Төсек қатынасынан кейін денешіктер жарты сағат ішінде жатыр ішіне жетіп, 1-2 сағаттан кейін жатыр трубасында болатынын зерттеу жұмыстары дәлелдеп отыр. Шәуһет денешіктер өздерінің қозғалғыш құйрықтарының көмегімен жүретіні ертеден мәлім. Сондықтан, нәресте пайда болуы үшін шәуһеттің қалай құйылғандығы маңызды емес. Дегенмен, көптеген тәжірибелі аналар бала көтергісі келетін жас келіншектерге төсек қатынасынан соң орнынан тұрмай, аяқты жоғары көтеріп жатуға кеңес береді. Ал егер дәрігер сізге жатырдың артқа қисайғанын айтқан болса, онда керісінше, етбетіңізден жатыңыз.
Денешіктердің бұдан кейінгі тағдыры жатыр трубасының ампулярлық бөлігінде әйелдің жыныс клеткасымен кездесу-кездеспеуіне байланысты. Егер кездесе қалса, онда олар қосылады, яғни, ұрықтанады, жаңа тіршілік басталады. Кездеспесе, шәуһет денешіктер құрсақта жойылып кетеді. Яғни, нәрестенің пайда болуы осы екі факторға - аталық ұрықтың күштілігіне, қозғалғыштығына және әйел трубасының ұрық өткізуге қабілетті болуына тікелей байланысты.
Сәби сүйгісі келетін әрбір жұп дәрігерге бірге қаралуға тиісті. Біздің ұлттық менталитетімізге сай, әдетте әйелдер жылдар бойы жалғыз емделіп жүре береді. Ал соңында, кінәрат ер адамда болып шығады. Бір айта кетерлігі, әйелдерге қарағанда, ерлердің бала сүюге деген қабілетін арттыру жеңілдеу. Өйткені, еркектік тұқым әрбір үш ай сайын жаңарып отырады.
Екінші фактор - әйел трубасының ұрық өткізуге қабілеттілігі дедік. Оны рентген немесе УДЗ (ультрадыбыстық зерттеу) арқылы анықтаудың жолдары бар. Екі трубасы мүлдем бітелген әйелге дәрігерлер ЭКО (қолдан ұрықтандыру) тәсілін ұсынады. Дегенмен, трубаны қалпына келтірудің консервативті әдістері де бар. Ең бастысы, үмітті үзбеңіз. Бір данышпан дәрігер: «әйелдің жыныс мүшелері бар кезде, (мейлі, оларда ақау болса да), оның бала сүюге қашан да мүмкіндігі бар», - деген екен.
Сонымен, баланың бітетін мезгілі соңғы етеккірдің бірінші күнінен санағанда 11-18 күн өткенде болатыны тәжірибеде анықталған жағдай. Жатырдың кілегей қабығында бала бітер кезінде, біткеннен кейін де ерекше өзгерістер болып жатады. Кілегей қабық ісініп, қалыңдайды, жақсарып, барқыттай құлпырып кетеді. Жатырдың кілегей қабығына аналық клетка жетіп, орналасуына қажетті жағдай осылайша жасалады. Ал егер жатырдың кілегей қабығында жоғарыда аталғандай өзіне тән өзгерістер бола қоймаса немесе ол жеткіліксіз мөлшерде болса, онда ұрықтанған тұқымның жатырға ену процесі бұзылады, осыдан барып әйелдің түсік тастауы мүмкін. Кілегей қабықтың ақаулары дәрігердің бақылауы бойынша гормондар қабылдау арқылы реттеледі.
Қорыта келгенде, ұрықтанған тұқым жасушасының жатырға енуі және болашақ адамның өсіп-жетілуі, ер мен әйел ағзасынан асқан дәлдікті талап ететін ғаламат құбылыс. Халқымыздың «баланы Құдай береді» дейтіні де осыдан болар.

(с) ak-kelin.kz
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.