Әйелге тән аурулар

admin 8-02-2016, 19:48 Денсаулық 0 пікір
Жыныс мүшелері қабынып ауыратын болғандықтан дәрігерге келетін жап-жас әйелдер аз емес. Олар талай жылдар бойы біраз дәрігерлерге қаралып, емделіп жүрсе де, өздерінің осынша қиналуының себебі неде екенін әдетте біле бермейді.
Мұндай аурудың ерекшеліктерімен толығырақ танысу бір әйелдің одан алдын-ала сақтануына, екінші бір әйелдің тезірек айығып кетуіне, үшінші бір әйелдің ауруханаға мезгілімен кеп түсуіне себепші болады. Қысқасы, он сегіз бен қырық жастың арасындағы әрбір әйелдің бала көтеретін кезінде жиі кездесетін осы ауру жөнінен аз да болса хабары болуға тиіс.
Әйелдің жыныс мүшелерінде қабынып ауру процесінің басталуы оның денсаулығына табиғаттағы толып жатқан ауру қоздыратын микробтардың күн сайынғы әсер етуіне байланысты. Осындай микробтарға жататындар: стрептококк, стафилококк, ішек таяқшасы, соз және туберкулез қоздырғыштары. Бұларды теріден, ауыздан, адамның жыныс мүшелерінен кездестіруге болады.
Дегенмен, аурудың басталуы үшін ең алдымен, қандай да болса, бір мүшенің зақымдануы шарт. Жұқпалы ауру микробтары қашанда болса ағзаның ақаулы осал жерінен еніп алып, содан көрші дене мүшелеріне тарала береді.
Сырттан келген жұқпалы дерт әдетте қатты ауруға ұшыратады. Ол әсіресе әбден қажып немесе жасанды түсіктен кейін қанның көп кетуінен ағзаның ауруға қарсыласу қабілеті нашарлап тұрған кезінде қауіптірек болады. Қиналып босанғаннан кейін де дәл осылай болуы мүмкін. Босанғаннан кейінгі алғашқы үш-төрт күн ауру қозуы үшін өте қолайлы кезең екенін айта кетуге тиіспіз. Босанғаннан кейін жатырдың іші жарақат сияқтанып тұрады. Бұл өзгеріс баланың жолдасы жатқан жерден жақсы көрінеді.
Денсаулығы жақсы әйелдердің қынабында ағзаға пайдалы әр түрлі микробтар болатынын айта кету қажет. Бірақ та белгілі бір жағдайларда осы микробтардың сол өздері тұрған жердің бірін қабындырып, қоздыруы да мүмкін. Бұл әйел жасанды түсік жасатқанда, патологиялық жағдайда босанып, жатыр мойны мен қынап іші жыртылғанда, шат сүйегі зақымданған кезде болады. Сонда микроб жарақаттанған жерден бастап әрекет ете бастайды. Ауру бүкіл жатыр ішіне, оның қосалқысына, ішкі көк етке дейін тарауы мүмкін.
Медицина ғылымының соңғы жылдардағы жетістіктеріне байланысты, әсіресе антибиотиктерді көбірек қолданудың арқасында жыныс мүшелері қабынып ауыруының ауыр зардаптары сирек байқалады. Бірақ та, кейде, осы заманғы ғылым жетістіктері қаншама қолданылса да, бұл ауру әйелдерге сіңісті боп кетсе дәрігерлер оның алдында дәрменсіз боп қалады, сөйтіп, бұл ақырында әйелді мүгедек етіп кетеді.
Әйелдердің есінде болатын бір жәйт, қабынған ауру көбінесе білінбей жүріп бойды алады да, оны сырқатанып, кіндіктің төменгі жағы мен сегізкөз ауырып, қызу көтеріліп, әбден ауыруы меңдеген кезде ғана сезеді. Жыныс мүшелерінің қабыну процесі ұзаққа созылғанда әйел шаршағыш келеді, ағзасын әлсірететін қан жатырдан кете береді. Әйел бірте-бірте әлсірейді, өте кейігіш болады, ақыр соңында еңбек ету қабілетінен айырылады.
Сыртқы жыныс мүшелері де, ішкі жыныс мүшелері де қабынып ауруы мүмкін. Адам әдетте сыртқы жыныс мүшелері жедел қабынып ауырған кезде күйдіріп, қышытып ауыртатынын, әсіресе дене еңбегі кезінде, зәр сындырғанда күшейе түсетінін айтады. Қабынудың мұндай процесі белгілі бір жағдайда (жыныстық қатынас кезінде, етеккір келгенде) жатыр мен трубаларға, яғни, ішкі жыныс мүшелеріне жайылып кетуі мүмкін. Ал оның созылмалы процеске ұласқанын кіндіктің төменгі жағы мен сегізкөздің қатты ауруынан, ақ шырыштың көп келуінен білуге болады және етеккірдің келуі бұзылады, ол тиісті мерзімінен бұрын немесе кеш келіп, ауыртып, қан көп кетеді. Аурудың жедел білінетін түрінің, әсіресе емнің әсерімен біраз бәсеңдеп қалатын да кезі болады, одан кейін мұндай аурулы әйелде сырқаттану, тамаққа тәбеті болмау, ұйқы бұзылу, тітіркенгіштік, ал кейде еңбекке қабілеті болмау сияқты әр түрлі белгілері байқалады.
Сырқаттанып қалған әйелдер дер кезінде дәрігерге көрінбейтін жағдайлар қазіргі уақытта да арагідік кездесіп қалады. Мұндайда кейде ауру асқынып кетеді. Алдын-ала көрінген адамды емдеп жазу оңай. Созылған ауру ағзаның қарсыласу қабілетін де кемітеді. Кейбір әйелдер емханада емделіп жүреді де, біраз тәуірленген соң емделуді қойып кетеді, сонымен ауруды асқындырып, кешірімсіз қателік жасайды. Бұл қателіктің аяғы оңайға соқпайды: денсаулықтан, көңілді өмірден айырылады. Денеге сіңісті боп кеткен қабыну процесі ұзақ уақыт емделуді қажет етеді.
Жыныс мүшелерінің қабыну процесін емдеп жазу әйелдерден шыдамдылықты талап етеді. Өйткені одан тез арада құтылып кету мүмкін емес. Мұндай сырқаты бар әйелдер дәрігерге жылдар бойы көрініп жүріп, ауруды жоятын әр түрлі терапиялық (емдеудің физиотерапевтік әдісі, аллой, фибс, шыны тәріздес дене, аутогемотерапия) емделуден өтеді.
Емнің басқа да түрлері жөнінде "Әйелдер ауруларын емдеу тәсілдері" деген мақаладан толығырақ оқи аласыз.

(с) ak-kelin.kz
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.