МҰҚАҒАЛИ: СОҒЫС ЖӘНЕ БЕЙБІТШІЛІК

admin 15-04-2016, 23:38 Алтын сандық 0 пікір
ЖАРАЛЫЛАР

Жаралылар,
Жаралылар...
Жүздерінде майданның алауы бар.
Аспанынан жоғалып қара мұнар,
Бастарынан ақ ұлпа жауады қар.
Жаралылар,
Жаралылар.
Жаралылар, жандары балақұмар.
Жаралылар,
Жаралы жетімдерге пана бұлар.
Мүгедек емес олар!
Жаралылар.
Жеңістің қолдарында жалауы бар,
...Парадтан барады өтіп жаралылар.
Ей!
Адам!
Басыңды и де, қарауыңа ал.

ҚЫРҚЫНШЫ ЖЫЛДАР

Рас, қайғы-қасіреті бар қаптаған,
Ғұмырлар бар батқан және батпаған.
Әкелгенмен әр адамға бір қайғы,
Сол жылдарға қарғыс айту жат маған.
Жанды-жансыз бар табиғат түнерген,
Әр кеудеде бір шер барын білем мен.
Қан майданда ерлік етсе біреулер,
Қарсы жауға біз де шықтық түренмен.
Аңыздардан тере жүріп масақты,
Рас, рас, көзімізден жас ақты.
Бірақ со бір дауыл жылдар, от жылдар,
Бәрімізден бір-бір батыр жасапты.
Батыр жұртым, сол жылдарды өткердің,
Сонда да сен жақсы көрдің, жек көрдің.
Қара емендей қатып қалған әжеңді,
Кейінгі ұрпақ, батыр емес деп көргін!
Кейінгі ұрпақ, саған салған өткелдің,
Сағасында өткен жастық, өткен күн.
Қаршадайдан қара шаруа атанған,
Сен әкеңді батыр емес деп көргін!
Сол жылдарға қарғыс айту жат маған,
Сондағы мен ерлігіме мақтанам.
Балғын ұрпақ, сенің болашағынды
Біле білсең, мына біздер сақтаған!

СОҒЫСТЫҢ СОҢҒЫ КӨКТЕМІ

Жасылмен бояп қойған ба?!
Жап-жасыл таудың бөктері
Қырлар да, мынау ойлар да,
Жап-жасыл болып көктеді.
Соғыстың соңғы көктемі.
Көп болды, жасыл тауларға,
Жап-жасыл бұлттар шөккелі.
Әкелді шуақ бар маңға,
Соғыстьң соңғы көктемі.
Соғыстың соңғы көктемі,
Көп болды нұрын төккелі.
Жап-жасыл анау аспан да,
Аспан да, сірә, көктеді.
Бойына таудың асылып,
Шұғыла тұрды, көк меңі.
Қызғанып, гүлін жасырып,
Қылтанақтар да көктеді.
Соғыстың соңғы көктемі.
Жап-жасыл шыбық, тал-дағы,
Орманның жасыл шекпені.
Қуанта, бірақ, алмады,
Сонау бір үйді шеттегі,
Соғыстың соңғы көктемі...

СОЛДАТ АРМАНЫ

Тіршілік тұтқасы - күн сөнер
Дегенге айтындар, кім сенер?
Әлемде тыныштық тұрса егер
Біздерміз өмірге нұр себер!
Қолдарға...
Қолдарға ту ұстап біз өтсек,
Өмірдің бақшасын күзетсек.
Сойқанды соғыс - өрт, кіл апат,
Ол - қайғы, ол - үрей, алапат.
Бейбіт күн береке баршаға
Тыныштық, тыныштық - бір рақат!
Әлемде...
Әлемде бейбіт күн сөнбесін
Тыныштық дүниені тербесін.
Кең дала, көк өзен армысың!
Армысың, Алатау, қарлы шың!
Осы алып кеудеңде мәңгілік,
Тыныштық сәбидей қалғысын!
Тамсанып...
Тамсанып көркіне жер-көктің,
Сезінем иісін жөргектің.
Сұм соғыс - қанды ажал, cop, қайғы,
Ажалдың дегені болмайды!
Әкелер баласын қорғайды,
Әлемде тыныштық орнайды!
Әке боп...
Әке боп, өмірде ер жетсек,
Бөпенің бесігін тербетсек!

Дайындаған: Нәзира Ермаханқызы
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.