Гүлбану ана атанды

Гүлбану ана атанды
31 телеарна «Информбюро» жаңалықтар қызметінің бетке ұстар журналисті, сондай-ақ Астана бөлімшесінің шеф-редакторы, көрерменге өткір сюжеттерімен, өжет мінезімен жақсы таныс Гүлбану Әниятқызы ана атанды. Былтыр Гүлбанудың сол кездегі Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтен алып шаһарды 8 жыл басқарып, бірақ бірде бір рет қасиетті мерекеде боздақтар рухына тағзым етпеуінің себебін сұрап: «Жыл сайын Тәуелсіздік күнінде қалада болмайды екенсіз. Неге?» деп батыл сұрақ қойғанын, ал әкімнің оған 15 желтоқсан өзінің туған күні екенін айтып, күмілжіп: «15 желтоқсан күні қалада болғым келмейді. Қалада болғым келмейді. Сондықтан да, сыртқа шығып кетемін... Басқа ешқандай әңгіме жоқ» деп жауап бергенін ешкім ұмыта қоймаған шығар. Келесі Тәуелсіздік мерекесінде қалада болуға, боздақтарға гүл шоқтарын қоюға сөз берген экс-әкім уәдесін сол күйі орындамады. Айтпағымыз ол емес. Гүлбану «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы ең үздік материалдар үшін» аталымы бойынша жыл сайын журналистер арасында өтетін «Нұр Сұңқар» республикалық байқауының жүлдегері. Сонымен қатар, үйлену тойын жаңалықтардан көрсеткен жалғыз журналист деуге болады.
Бүгін, 13 сәуір күні Гүлбану Әниятқызы мен оның жары Нұркен Тоқмурзиннің шаңырағында кесте тігер қыз бала дүниеге келді. Салмағы 3000 г, бойы 50 см. Ана мен баланың денсаулығы жақсы. Дәл қазіргі уақытта Астана қаласындағы перзентханалардың бірінде. Тұңғыш сәбиін бауырына басып отырған әріптесіміз бен жаңа туған нәрестеге зор денсаулық тілейміз.

Нәзира Ермаханқызы


Материалды пайдалану үшін ak-kelin.kz сайтына гиперсілтеме қойылуы міндетті!
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.