Көңіл-күйіңіз қалай?

admin 13-02-2016, 22:34 Жан саулығы 0 пікір
Үнемі жақсы көңіл-күйде жүруге болады ма? Әрине,болады! Өзін-өзі сыйлайтын адам өз көңіл-күйінің жақсы болуын өз бақылауында ұстайды және ол үшін бар жағдайды жасайды. Себебі, көңіл-күй адамның денсаулығымен бірге, оның қызметтегі өнімділігінің, өмірде қойған мақсат, мүдделеріне жету нәтижесінің бірден-бір кепілі. Көптің пікірі бойынша көңіл-күйді қалыпты, жағымды жағдайда ұстап тұру үшін үлкен қаражат керек екен. Алайда,қуаныштың кішкентай нәрселерден тұратындығын ескерте отырып, әркімнің қолы оңай жететін көңіл-күй тепе-теңдігін сақтау әдістерін ұсынамын:

1.Таңертең. Таңертең ұйқыдан қалай тұрсаң, күнің солай өтеді дегенді барлығымыз жақсы білеміз. Ол үшін таңертеңнің қамын кештен ойлап ертерек жатып, оятқыш сағатымыздың әуенін өзімізге ұнайтын жағымды, баяу әнге қоямыз. Ертемен бізді сол әуен оятқан кезде, төсегімізден ұшып тұрмай, түннен түгел шыққанымыз үшін алғысымызды айтып, сәл-пәл күн тәртібін еске түсіріп барып орнымыздан көтерілеміз.

2.Жуыну. Адамның күні бойы сергек жүруі үшін беті-қолымызды мұздай сумен жуамыз. Ал уақытыңыз болып душқа түссеңіз, су ағысын қалыпты күйге қойып, судың ыссылау, салқындау күйімен алмастырып түскеніңіз абзал. Мұның барлығы — адам ағзасындағы қан айналымын жақсартудың тәсілі.

3.Таңғы ас. Таңғы асымызды пайдалы, әрі жеңіл тамақпен қамтамасыз ету керек. Асыңызды асықпай шайнап немесе жұтып, жеп-ішіп отырғаныңыздан шынайы ләззат алып, дәмін үйіре біліп үйрену керек. Сонымен қатар, таңғы асымыздан әдемі әсер алу үшін үстел басын өзіңізге ұнайтын, көзіңізге сүйкімді ыдыстармен жасақтағаныңыз жөн.

4.Жұмыс уақыты.
А) Жұмыс орны. Адам күнінің ең көп бөлігін жұмыс орнында өткізеді. Қызмет кезінде орын алған келеңсіз жағдайлардың еңсемізді түсірмесі үшін өзіңіз отыратын үстелдің үстіне ата-ана, отбасы, не балаларыңызбен бақыт құшағында түскен, есіңізге түскенде қуаныш ұялататын суретті қоямыз. Компьютердің жұмыс үстелін тиянақтап, бетін позитивті суретпен безендіреміз. Күні бойы мазамызды алып шырылдайтын ұялы телефоныңызға да жағымды музыка орнатамыз. Отырған айналамызда көз қуантатын табиғи түстерді орнымен сәнін келтіріп пайдаланған жөн.Әсіресе, ол сұр кеңседе отырып, күңгірт түсті костюммен жүріп, қара-сұр түсті компьютермен жұмыс істейтін адамдардың тонусын көтеру жолында аса қажет.
Ә)Серуен. Қызмет кезіндегі түскі астан кейін ғимараттан шығып, серуендегеніңіз жөн. Үлкен қалада бір ағаштың түбі, не субұрқақтың жаны, көк алаңға ыңғайлы жайғасып, қаптаған адам емес, табиғат аясында тынығып, ойларыңызды ретке келтіріп алғаныңыз дұрыс.
Б)Босаңсу. Жұмыс кезінде қолыңыз қалт еткен 10-15 минут узілістерді тек өзіңіздің көңіл-күйіңізге арнаңыз. Дәретханаға, не қызметкерлердің жеке бөлмесінде жаттығу жасап, ұйыған бұлшықеттеріңізді жазып алған жөн. Не орныңызға ыңғайлы орналасып, құлаққапты киіп алып, релакстік музыкаларды тыңдаңыз. Мәселен, жапон, қытай аспаптары, скрипка, фортепианомен ойналған классика, не құс, орман, теңіз жағасы, жауын секілді табиғат жаратылысы ұсынған әуендер.

5.Отбасы. Отбасыңызбен бірге қалған уақытты тиіміді, әрі көңілді өткізу үшін бірге позитивті, мотивациялық фильм қараңыз. Барлығыңыз бірігіп, тамақ дайындап, не өнерлеріңізді ортақ іске жұмылдырыңыз. Әсіресе, отбасының кішкентай мүшесінің жанында көбірек болуға тырысыңыз. Себебі, олардың өздерінің таза, пәк, үнемі көтеріңкі көңіл-күйі мен қуатын сізге жұқтыру ықтималдығы жоғары. Балалармен бірге ойнап, кітап оқып, сөйлесу барысында сөзі мен ісіне мән берсеңіз, төбеңіз көкке жетіп, рахаттанып қалатын сәттер өте көп.

6.Қоңырау шалу. Бос уақытыңызда үнемі көңіл-күйі көтеріңкі жүретін, позитивтік көзқарастағы, дос, ұстаз, әйтеуір күніне бір рет жаныңызға жақын адамға қоңырау шалып, ойын-күлкіні араластырып әңгіме-дүкен құрып шүйіркелесіп алған жөн.

7.Суға түсу. Жатар алдында өз ваннаңызды хандікіндей баптап, барлық жағдайын жасап суға түскеніңіз дұрыс. Мәселен, жуынатын бөлмеңіздегі ваннаны жылы суға толтырып, теңіз тұзы, сабын көпіршігі, кептірілген гүл, не өсімдікті салып, ыдысқа үйіңіздегі бар алма, алмұрт, банан сияқты жемістерді турап әкеліп,ұялы телефоныңыздан СПА әуенді қосып бірге әндетіп суға түсіңіз.

Ең басты әдіс – ол мейірім. Мейірім – ол көңіл-күй тепе-теңдігін күні бойы жоғары күйде ұстап тұратын адам бойындағы қасиет. Жүрген жеріңізде өзіңізден үлкен, кіші, әлсіз деген барлық, барлық жолыңызда кездескен адамдарға мейіріміңізді төге жүріңіз! Жылы сөзден аянбаңыз! Біреуге берілген мейірім өзіңізге есесімен қайтады. Сіздің жылулыққа толы, шын пейіліңізден шыққан іс-әрекеттеріңіз бен сөзіңізге олардың берген жауабы, күлкісі, батасы сіздің көңіл-күйіңізге нұр үстіне нұр болатындығы сөзсіз!

Динара Болат
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.