Бір қап картоп (тәмсіл)
Бірде шәкірті ұстазына келіп:
- Сіз өте данышпан адамсыз, ешқашан біреуге ренжіп, ұрысқаныңызды көрмедім, ылғи көңілді жүресіз, бөлісіңізші, бұның сыры неде? - деп сұрапты.
Ұстаз келісімін беріп, бір түйір картоп пен бір қап әкелуін сұрапты. Егер кімде-кім сені ренжітіп, ашуыңа тисе, сол адамның атын осы картопқа ойып жазып, мына қапқа салып отырасың, - дейді.
- Сол-ақ па? - деп сұрайды шәкірті.
- Жоқ, - дейді ұстазы, - бұл қапты ылғи өзіңмен алып жүруге тиіссің, және әрдайым біреуге өкпелеп, ренжіген сайын, бір картоптан салып отырасың.
Шәкірті келісіпті. Арада біраз уақыт өтіпті. Шәкірттің қабы толып, көтеріп, алып жүруге ыңғайсыз болып, ауырлап, біраз қиындап кетіпті. Оның үстіне, алғашқы салған картоптар бүлініп, көгеріп, сасық иісі шыға бастапты.
Шәкірт ұстазына келіп былай депті:
- Мұны енді көтеріп жүру мүмкін емес, біріншіден қап ауыр, екіншіден картоп бүлініп кетті, басқа жолы жоқ па? - депті.
Сонда ұстазы былай деп жауап берген екен:
- Сенің жан-дүниеңде де тура осы жағдай болып жатыр. Сен біреуге өкпелеп, ренжіген сайын, жан-дүниеңде ауыр тас пайда болады, сен оны бірден байқамайсың. Одан тастар көбейе береді, көбейген сайын ауырлай береді. Әрекеттерің әдетке, әдеттерің сасық әрі нашар мінезге айналады. Ол жүктің ауырлығы сонша, оны ұмыту мүмкін емес, өзіңмен өмір-бақи көтеріп алып жүру тіпті қиын.
Мен саған сырттай осы жағдайды бақылап көруге мүмкіндік бердім.
Әр сәт сайын біреу ренжіткенде, немесе керісінше, біреуді ренжіткің келгенде, ❗❗❗ОЙЛАН, бұл тастан да ауыр жүкті өзіңмен алып жүре алар ма екенсің.
Аударған - Шолпан Кенжеева