Дана НҰРЖІГІТ: "Өзім ұялатын кемшіліктерімді ішкі даусым айтып тұрады"...

- Эфирге қандай дайындықпен шығасыз?
Эфирге шыққан кезде үйіңде, жеке басыңда болып жатқан жайларды жиып қою керек. Көп нәрсе кәсіби шеберлікке, тәжірибеге байланысты. Бірақ, тірі адам болғаннан кейін эфир әрқалай шығады. Жаман шыққан эфирім көпке дейін есімнен кетпей жүреді. Өзім ұялатындай, өзіме айтуға ұялатындай кемшіліктерімді ішкі даусым айтып тұрады. Ондай кездер жиі болмасын деп тілейсің. Кез-келген адам, кез-келген мамандық иесі қателеседі. Ештеңе жасамаған адам ғана қателік жасамайды. Біз ақымақтық жасау арқылы ақылды боламыз. Өмірдің өзі сондай. Мен осындай либералды көзқарасты жақтаймын. Ал радикалды көзқарастағы адамдарға күдікпен қараймын. Оның ар жағында бәрібір бір шикілік болады.
- Демек, сіз өзіңізге сыншысыз. Ал жалпы сынды қалай қабылдайсыз?
Кейде көңіліме келіп қалады. Менің ойымша, сынды көбінесе телевизиядан алыс жүрген адамдар айтады. Телевизия бір адамға қатысты дүние емес. Бір хабарды шығару үшін оператор, режиссер, дыбыс режиссері, бәрі-бәрі атсалысады. Үйде отырып алып, тон пішуге болмайды. Жұрттың бәріне ұнау шарт емес. Міндетті түрде бәріне ұнаймын, ұнауым керек деп келсең, сен ананың да, мынаның да талғамының жетегінде кетіп, өзіңді жоғалтасың.
- Қазақ тележурналистикасына көзқарасыңыз?
Біз қазір кадр тапшылығын көріп отырмыз. Телевизияға көп нәрсе қажет. Адам керемет білімді, бет-әлпеті әдемі болуы мүмкін, бірақ тартымдылық, қылық жоқ болса, ол көрермендерді өзіне тарта алмайды. Біз күлдіреміз деп дөрекілікке барамыз, жақтаймыз деп тым мақтап жібереміз, сынаймыз деп адамды жаншып, оның ар-намысына тиіп жатамыз, кешірімшіл боламыз деп көп жаманшылықты жасырып отырамыз. Осындай асыра сілтеушілікке барамыз.
- Ресейлік телеарналардан көрінуге мүмкіндік тумады ма?
«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді қазақ. Олар мені қанша құрметтеп шақырғанмен, мен оларға бәрібір қысық көз, қара домалақ қазақ болам. Бар болашағымды қазақ журналистикасымен байланыстырамын.
- Сіз қашанда өнерге, мәдениетке жақын жүресіз. Кімнің ықпалы бар?
Мен өзі өнерлі шаңырақтан шыққанмын. Әкем Өмірбай домбырашы болған. Алматының Есік қаласында музыка саласында көп жылдар еңбек етті. Анам - әнші, қазір опера театрында жұмыс істейді. Інім Рүстем де ән салады. Сіңлім - скрипкашы.
- Әйел бақыты не деген сұраққа қалай жауап берер едіңіз?
Мен әйелдің орны отбасы, ошақ қасында дегенге қарсымын. Әйел де өз мүмкіндігін көрсеткісі келеді, көп нәрсеге қол жекізгісі келеді. Оны түсінетін қасында азаматы болу керек. Қазақ жігіттерінің арасында мен ондай азаматтарды әзірге көрген жоқпын. Неге күйеуге шықпадыңыз деп сұрасаңыз, менің жауабым осы. Егер қасыңдағы жолдасың сені қолдап, көмегін көрсетсе екі жақты да қатар алып жүруге болады.
- Сырлас, дос, араласатын ортаңыз туралы айтсаңыз.
Менде бала кезімнен мынау жан досым, бірінші кластан бергі досым дейтін құрбыларым болған жоқ. Мен сыйлайтын, араласатын адамдар бар. Ал өзім деп, күнде телефон арқылы сөйлесіп, өмірімде бір жаңалық болса, соны бөлісуге асығатын адам жоқ. Мен оны қажет етпеймін де.
- Адам бойында қандай қасиеттерді бағалайсыз?
Шыншылдық, адамгершілік. Өзімшілдерді, бойында жоқ қасиеттерді бар етіп көрсетуге тырысатын және өз ісі мен сөзіне жауап бере алмайтын адамдарды жақтыра бермеймін.
- Бос уақытта қуана кірісетін ісіңіз бар ма?
Бос уақыт табылса, үйде отырғанды жақсы көремін. Үй жинап, тамақ істеп жіберуім мүмкін. Отбасымен бірге болғанды ұнатамын.
- Ұлыстың ұлы күні дүниеге келіпсіз. Туған күніңізді қалай атап өтесіз?
2000 жылы «Хабар-2» ашылғанда 22 наурыз күні биік ғимараттың төбесінен парашютпен секірсем, биыл Өзбекстаннан күндіз ұшып келіп, кешке алаңдағы мерекелік концертті жүргізуге кеттім. Үйде жүріп, жұмысқа асықсам, жұмысым аяқталысымен үйге жеткім кеп тұрса, бұл менің керектілігімді, өз орнымды білдіреді. Осының өзі бір ғанибет. Өмірдің қайнаған ортасында жүру - мен үшін бақыт.

Сұхбаттасқан: Райхан Рахметова

Дереккөз: «Бикеш» газеті, №4 (05) сәуір, 2001 жыл.
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.