Балалық шаққа саяхат

Ол бүгін анасының жағдайын біліп, амандасуға төркіндеп келген еді. Төргі бөлмеге кірген ол, бала күннен бері көзіне ыстық заттарды ұстап, ойға шомып, алыстан сағымдай қол бұлғаған сонау балалық тәтті шағын есіне алып отырып қалды.
Балалық шағы дəл осы шаңырақта өтті. Осы аулада асыр салып ойнап өсіп, осы шаңырақтан əкесінен бата алып, өмірлік жарымен қол ұстасып, жауапты да, маңызды өмірге қадам жасады. Ұзатылғанына міне, он алты жылдан асты, уақыт неткен жүйрік еді.
Осы уақытқа дейін, сол бір тәтті балалық бал дəуренін езуіне күлкі үйіріліп, көзіне нұр құйылып тамсана еске алатын. Ал кейінгі уақытта... Иə, кейінгі уақытта ол балалық шағымен қоса, балалық шағының куәсі - бауырларын да жүрегі қарс айрылып, көкірегі күрсіне еске алып, сағынады. Еркелетіп, қанатының астына алып қорғап, басынан сипаған төрт бірдей ағасы мен сырларын бөлісіп, егіз қозыдай қатар өскен апасын іздейді. Іздемегенде қайтеді, бауырларының мойнына асылып, айтқанын істетіп, еркелеп өсті емес пе?
Əлі есінде, ол бес жаста болу керек, үлкен ағасы үйдің заттарын далаға шығарып тазалап, швабрмен еденді жуып жатса, бұл қолында пешенейі, еденнің жуылған жерімен анасының туфлиін киіп алып, əрлі - берлі əндетіп жүргені. Ағасы үндемеген сайын, көзінің қиығымен қарап қойып, тақасын тықылдатады. Ағалары бұлар кішкентай кезде үйдің бар шаруасын істейтін, қыздай еді ғой.
Ми қайнатар елу градус ыстықта тетелес апасы екеуі үйдегілердің ұйықтағанын күтіп, өздері ұйықтағансып жататын. Ауылда ондай ыстықта үйді тастай қараңғы етіп, кешкі бестің шайына дейін ұйықтайтын адамдар. Ойын баласы ұйқыны қайтсін, есі - дерті бадырақ көз құрбысы мен сары балапан атайтын достарымен апай, апай ойнау. Есейе келе, бес тас ойнайтын. Балапан демекші, бəрінің лақап аттары болатын, ат қоюға шеберлерін қайтерсің, құмырсқа, маса, инелік, қоян, т.б. Бірде тұрмыс құрғаннан кейін, жолдасымен ауылға келгенде, (əлі күнге солай атайды ғой ауылға барғанда) түрлі лақап аттарды естіп айтқан, ылғи жəндіктер ме көршілерің деп күліп.
Ал қысқы ойын тіпті ерекше. Əр үйдің шарбағынан шыққан қарды көшенің тап ортасына үйетін. Машина жоқ па екен сонда, ол қалай өтеді, есінде жоқ, əйтеуір сол биік қардың үйіндісіне су құйып қатырып, кәдімгідей керемет сырғанақ жасайтын қолдан. Балалар қараңғы түскенше, кейде тіпті түнімен ойнайтын. Екі беттері қып-қызыл болып, таласып, кейде тіпті төбелесіп алатын, шешелері əрең кіргізетін еді үйге. Сабақты да оқып, үйге де көмектесіп, Пионерлер үйіне де қоғамдық жұмыстарға қатысып үлгеретін сонда.
Бұл үйдің кенжесі болғандықтан, көбіне айтқаны болып жататын, бірақ аңқаулығы да бар. Жеңгесі шақырып алып, бесікті тербете тұршы, мен қазір, деп ұзап кететін. Сөйтсе, ағасы екеуі қонаққа кеткен боп шығады. Балаға қара деген анасына қарсы шыға алмай, "Əй,əй бөпемді" айтып, арасында өзі қосыла жылап алып отыратын. Ол інісі өсіп алып атасы мен əжесін қызғанып, мұны əке-шешесінің жанына жолатпай қойғанын айтсаңшы. Тіпті иемденіп алды. Бұл мектеп табалдырығын аттаса да, анасының омырауын иіскемесе қуаты (заряды) таусылып қалатын ғой. Сондай бір кездерде кішкентай інісі əжесін қызғанып, мұның бетін тырнап алғаны бар. Əлі күнге бар сол тыртық бетінде, осы күні айнаға қарап, жымиып, басын шайқап қояды.
Үлкен үй, іші толы бала - шаға, үлкен дастарқан үстінде бəрі у-шу боп отыратын, екі кіші ағасы қалжыңбас еді, шəйларын шашалмай ішпейтін. Жеңгелерімен қалжыңдасып ойнайтын.
Осының барлығын бұдан бұрын да төркіндеп алыстан келгенінде, бəрі жиналып дастарқан басында күлісіп еске алатын еді ғой. "Бірге тумақ бар да, бірге өлмек жоқ" деген осы екен-ау. Қазір міне, даңғарадай үйдің іші қаңырап тұр, осыны ойлағанда оның ішін ыстық жалын шарпып өткендей болды.
Балалық шағына саяхат жасап, өзінен - өзі бір күліп, бір жылаған оның ойын анасының мұны шақырған даусы бөлді. Ол көзінің жасын сүртіп, өмірден ерте кеткен бауырларына дұға бағыштап, бетін сипады, ешкімді бауырынан, ананы баласынан айыра көрме, - деп Алладан тілек тілеп, орнынан тұрып, анасына беттеді.
Иə, сондай пəк, тəп-тəтті балалық бал дəуренін еске алу-əдемі сезім ғана емес, кеудеге қос бірдей сағыныш отын маздатып, яғни балалық шаққа деген сағыныш пен бауырларына деген аңсау ауыр бір сезім тудырады деп кім ойлапты?
Авторы:Гүлмира Ахметқызы.
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.