Жүктілікті жоспарлау

Жүктілікті жоспарлау
Дүниеге дені сау ұрпақ әкелу әрбір болашақ ананың арманы. Біздің елімізде әйелдер көбіне жүкті болғаннан кейін дәрігерге барса, көптеген дамыған елдерде жүктілікке дайындық алдын-ала жүргізіледі. Отбасы құрамын деп ниеттенген екі жасты алдын-ала медициналық тексеруден өткізу енді көршілес Өзбекстанда да міндеттелмек. Мұның бәрі, әлбетте, тұрмысқа шыққан қыздың тезірек бала сүюі, жүктіліктің қалыпты өтуі және ең бастысы, денсаулығы мықты сәбидің дүниеге келуіне бағытталған шаралар. Егер сіздің шаңырақ көтергеніңізге бір жыл толса, (30-дан асқан әйелдер үшін жарты жыл да жеткілікті), бірақ жүктіліктің ешбір белгілерін байқай алмай жүрсеңіз, төмендегі деректермен міндетті түрде танысыңыз.

Жүктілікке дейін қандай мамандарға бару қажет?

1. Балалы болуды қалайтын барлық әйелдер жалпы қан талдауын (гемоглобиннің көрсеткіштері, эритроциттердің, лейкоциттердің саны және т.б.), қанның биохимиялық талдауын, жалпы несеп талдауын, сондай-ақ, жағынды және жыныс жұқпаларына қан талдауын тапсыру керек: бұлардан табылған ауытқушылықтардың көбі құрсаққа зиянын тигізеді.

2. Ерлі-зайыптыларға медициналық-генетикалық кеңес алу қажет. Терапевтке қаралған жөн, оның мақсаты созылмалы ауруларды (жүрек-қан жүйесінің аурулары, бүйрек аурулары, қант диабеті, қалқанша без аурулары, қан аздық, тонзиллит, дисбактериоз, иммундық тапшылық жағдайы және т.б.) анықтап, емдеу. Созылмалы аурулардың жүктілік барысын ауырлатуы мүмкін, сондықтан оларды анықтау және емдеу өте маңызды. Стоматологқа алдын-ала барып, барлық стоматологиялық мәселелерді шешкен жөн.

3. Әйелге гинекологқа қаралу ұсынылады. Жалпы қаралу, УЗД, гормондық профильді анықтау және функционалды диагностиканың кейбір тестілері (базальді температураны анықтау) әйелдің репродуктивті жүйесін бағалауға, бала көтеру проблемаларына әкелетін патологияларға қажет болғанда коррекция жүргізуге мүмкіндік береді.

4. Болашақ әкеге уролог пен андрологқа қаралу қажет, себебі репродуктивті денсаулыққа әсер ететін жыныс ауруларының көбі жасырын түрде өтуі мүмкін (мысалы, еркектік бездің қабынуы).

5. Дәрігерлерге барумен қатар, жұптарға жыныс жолдары арқылы берілетін жұқпаларға (хламидиоз, микоплазмоз, уреаплазмоз) талдама жасап, герпес вирусына, цитомегаловирусқа, токсоплазмозаға тексерілу қажет, сифилис, АҚТҚ, В және С гепатиттерінің жоқтығын растау керек.

6. Созылмалы, уақытылы анықталмаған және емделмеген вирусты немесе бактериялық жұқпа жүкті болмаудың негізгі факторларының бірі болуы мүмкін. Жұқпа процесі құрсаққа тікелей әсер етпесе де, эмбрионның дамуына кесірін тигізеді, тіпті оның өліміне себепші болады. Созылмалы эндометрит, эндокринді және аутоиммунды бұзылуларға әкеледі.

7. Бұл талдауларға бағыттау қағазын гинеколог немесе терапевт береді. Әйелге қызылшаға тұрақтылығын тексеру қажет, егер ол қажетті деңгейде болмаса, жүктілікті жоспарлағанға дейін шамамен 3 ай бұрын екпе жасау керек.

Жүкті болғанға дейін қандай жағдайларда міндетті түрде генетикпен кеңесу қажет?

1.Егер де ата-аналардың біреуі өмірінің кез-келген кезеңінде радиация көзіне жақын жерде болса.

2. Егер де олардың бірі бояушы, рентген-лаборант болып жұмыс істесе, зиянды химиялық өндірісте қызметте болса.

3. Денсаулық жағдайына байланысты, жиі рентгенологиялық зерттеулерден өтсе немесе тератогенді (гендердің «сынуына» әкелетін) қасиеті бар дәрілерді қабылдаған болса.

4. Егер де ерлі-зайыптылар алыс, бірақ қандас туысқандар болса немесе болашақ ана 35-тен, ал болашақ әке 40-тан асса: бұл жағдайда тұқым қуалайтын аурулар қауіпі арта түседі.

5. Егер де жұпта (сондай-ақ болашақ ата-ананың туысқандарында) өлі туу, даму кемістігімен, тұқым қуалаушылық ауытқуымен туған бала (Даун синдромы, гемофилия, муковисцидоз және т.б) болса.

6. Егер де әйел бірнеше рет түсік тастаса, жүктілік болмаса (генетикалық ауытқумен байланысты болуы мүмкін).

7. Сонымен қатар, ауру баланың дүниеге келуіне себепші болатын мутация (гендердің сынуы) қауіпін төмендету үшін жүктілікке дейін әйелдерге фолий қышқылын, дәрумендер, микроэлементтер қабылдаған жөн (мөлшері мен қабылдау ережесін әйелдер кеңесінің гинекологынан білуге болады).
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.