Әйелдер ауруын емдеу тәсілдері

admin 8-02-2016, 23:58 Денсаулық 0 пікір
Жыныс мүшелері қабынып ауырған әйелдерге дәрігерлер көбінесе шипажайларға барып емделуді ұсынады. Біздің елімізде суының құрамы алуан түрлі бес мыңнан аса шипалы қайнар бар екен. Кейбіреулерінің суларында минералды тұздардан басқа газдар да бар, ал кейбіреулері жер астынан жылы немесе ыстық қайнар түрінде шығып жатады. Қазақстанда әйелдер ауруларын Алмаарасан, Қапаларасан, Аяққалқан, Сарыағаш, Жаңақорған, Мойылды курорттарында және басқа жерлерде емдеуге болады.
Жыныс мүшелері қабынып ауырған әйелдерге денені түгел батырып немесе отырып емделетін ванналар тағайындалып, астынан душ беріп, қынабын шаяды. Бір курс емдік шарада сырқат адам он-он бес минут денені түгелдей немесе жартылай малып түсетін ванна алады. Минералды су ванналары ішкі органдарға, әйелдердің жыныс мүшелеріне де жақсы әсер етеді. Минералды сумен қынапты шаю жақсы шипа, оның үстіне, іріңді, ақ шырышты жойып, жыныс мүшелерінен әртүрлі зат бөлініп шығуын азайтады. Егер жыныс мүшелерінің қабынуымен қоса асқазан, ішек-бауыр, және басқа жерлері ауыратын болса, кейбір минералды суларды ішіп те емделеді.
Қазақстанда әйелдер ауруларын Алмаарасан, Қапаларасан, Аяққалқан, Сарыағаш, Жаңақорған, Мойылды курорттарында және басқа жерлерде емдеуге болады.

Әйелдердің қабыну ауруларын шипалы лаймен емдейтін шипажайлар да бар. Лай халыққа шипалы ем ретінде сонау ерте заманнан ақ белгілі болған. Шипа ретінде тұнба лай мен шымтезек лайын пайдаланады. Тұнба лай көлдер мен саяз теңіз шығанақтарының табанында тұнады. Оның тұну процесі өте ұзаққа, жүздеген жылдарға созылады. Шымтезек лайы ақпайтын суы және өсімдіктері (мүк, балдыр және басқалары) мол жерде болады. Шипалы лай ауру адамның азғасына қолайлы әсер етеді. Ол ауырып тұрған жерді тыныштандырып, қабынған жерді жазады, органдардың қызметін жақсартып, ретке келтіреді. Мұның үстіне, балшықтың әсерінен әйелдердің етеккір келуінің бұзылысы түзеліп, ақ шырыштың келуі азаяды.
Батпақпен емделу қабынудың бедеулік сияқты зілді зардабына қарсы өте пайдалы. Оны емге пайдаланудың бірнеше тәсілі бар. Әйел ауруын емдегенде жиі қолданылатыны «лай дамбал», мұнда қыздырылған батпақты кіндіктің төменгі жағына, сегізкөзі мен санына жағып тастайды. Емдік шара біткен соң сырқат адам балшықты судың астына тұрып жуып, сосын тынығады.
Әйел жүрегінен дімкәс болса, дәрігер лай тампонын қолданады. Ол жүрекке әсер етпейді, жыныс мүшелері маңындағы дертті жояды. Батпақпен емдеудің тағы бір әдісі тиісті мөлшерде қыздырылған лайды шприцпен тік ішекке жіберу, ол онда бір, бір жарым сағаттай тұрады. Балшықпен емдеу шараларының түрін, санын, уақытын, лайдың температурасын сырқат адамның жалпы жағдайына қарай, ауру түрін ескере отырып дәрігер белгілейді.
Батпақпен емделу бедеулік сияқты зілді дертке қарсы өте пайдалы.

Жатыр қосалқысының сіңісті қабынған ауруы бар, жамбас пердесінің ауруы, созылмалы периметрит, операциядан кейінгі инфильтрат бар, жыныс мүшелері жетілмеген әйелдерді курортқа жіберуге болады. Курорттарда жатырға массаж да жасалады. Бұл кіші жамбас қуысында қан айналымын жақсартады, ашылған жіктің тұтасып жазылуына, қабынған инфильтраттардың жойылуына себепші болады. Емделу курсы он бес-жиырма сеанс.
Лай ваннасынан бөлек, күн сәулесімен, физиотерапиямен, сәулемен, парафинмен, құммен емделуге де болады. Шипажайда емделу жақсы нәтиже береді. Санаторийде емделгеннен кейін негізгі аурулардың қайталануы сирек кездеседі. Әйелдердің көбісі-ақ бала көтереді. Бірақ, жыныс мүшесі қабынып ауырған әйелдердің бәрін бірдей шипажайда емделуге жібере бермейді. Қатты қабынып ауырған әйелді шипажайға жіберуге болмайды. Әйелдің жыныс мүшелері іріңдеп қабынып, туберкулезге шалдыққан жағдайда шипажайда емделу оны бірден өршітіп жіберіп, ауыр зардапқа ұрындыруы мүмкін. Жасанды түсік жасатқан әйелге шипажайда емделу етеккірі келіп кеткен соң ғана рұқсат етіледі.
Рак ауруы бар деген күдік болса, ол әйел шипажайға барып емделуден мүлде бас тартуы тиіс, өйткені жаңа пайда болып келе жатқан қатерлі ісік шипалы ем шаралардың әсерімен өршіп, бой бермей кетеді.

Гинекологиялық аурулар жүрек дертінің, құрт ауруының (туберкулез), бүйрек қабынуының ауыр түрлерімен және жүйке жүйесінің ауыр сырқаттарымен қабаттаса келген жағдайда да шипажайда емделуге болмайды.
Әйелдің жыныс мүшелеріндегі аурудың ұзаққа созылуы кейде ісік пайда болуына себепші болады. Мәселен, аналық ұрық безінен киста деп аталатын сарысулы ісік кездеседі, бұл ісік кез келген жастағы әйелдерде өсе береді. Мұндай аурулы әйелдер көбіне емнің консервативтік әдісіне бой ұрып, содан үміт етеді, бірақ одан нәтиже шықпайды. Қауіпті ісік пайда болса, бірден ота жасату керек. Бұл аурудың ерекшелігі де оның ешқандай белгілерінің болмауында. Ісіктің көлемі кішкентай кезінде әйел еш жерім ауырды демейді. Егер ісік үлкейе бастаса, онда кіндіктің төменгі жағы сыздап ауырады, бірдеңе басып тұрғандай болады, кіші дәретке отыру жиілейді, кейде етеккірдің келуі бұзылады. Киста өсіп кеткенде аяқ іседі.
Бұл патология толғақ сияқты күтпеген жерден басталып, бірте-бірте күшейе береді. Әйелдің дене қызуы көтеріліп, ол өзінің сырқаттанып тұрғанын сезеді, оны бұл кезде осы аурудың басқа да белгілері мазалай бастайды. Мұндай белгілерді сезген соң кідірмей ауруханаға түсу керек.
Әрбір әйел,әсіресе 30 жастан асқаннан кейін денсаулығын қаратып, кездесіп қалатын аурулардың бар жоғын білу және емделу үшін дәрігерге уақытында көрініп тұруға тиіс.


(с) ak-kelin.kz
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.