Естисің бе, жан ана?...

admin 8-02-2016, 22:33 Ару әлем 0 пікір
Естисің бе, жан ана?...
Ай құлайды көздері ашық бөлмеме,
Қар құлайды ұйқыдағы қалаға.
Тылсым сезім, сыймай теңіз-кеудеме,
Толқын болып соғып жатыр жағаға.
Естисің бе, жан ана?...
Еркелеген елігіңмін деп жүрсем,
Еске саппын үйге жаққан бояуды...
Ұлдар ғана ата-анаға таяу-ды.
Ұйқысызбын бүгін тағы.
Ай ауды.
Қалай жуам көңлімдегі қаяуды?
Аяулым-ау, аяулы!...
Бозінгені боздап қалған аулақта
Ботаң бүгін ботаң ба?...
Бал сүтіңді бес жыл еміп,
Жиырма жыл ойнақ салдым жотаңда.
Отағасын пір тұтатын ақылдым,
Ошақ қасын айналдырып Отанға,
«Елдің көркі» деуші едің ғой, - «қыз өссе»,
Жеміс түймей өскен гүлден не пайда?...
...Жемісімді түйіндетіп отырмын,
Жүктерімді жиюлы етіп отырмын
Жалындаған мейіріміңнен өзіңнің
Шоқ боп ұшып, бөлек жанған отыңмын!
Ұқсас қылған От пен Күннің тағдырын
Тәңірінің орындадық жарлығын...
Таң атқанда Күнге сәлем беремін,
Нұрға теңеп аналардың барлығын.
Асыл ана, ардақты ана, нұр – ана!
Өтінерім, тек қана сен жылама...
«Келін» деген киелі сөз ұғымы –
«Өз үйіне келу» шығар, сірә да...

Нәзира Бердалы
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.