ӘЙЕЛ

Ұлы суретшінің көрмедегі "Жалаңаш әйел" атты картинасының жанында біреулер ыржыңдасып тұр. Мейлі...

ӘЙЕЛ

Әлің жетсе, жанарыңды ала қаш -
Әйел! Әйел...
Әйел тұттай жалаңаш!
Әйел емес,
күллі әлем тұр алдымда
күнәсі мен қасиеті аралас.

Әлде қатер,
Әлде ләззат,
Әлде мұң?
Жыр окуға жетпей қалды дәрменім,
Жүдемедім жалған сопы жүзденіп -
Күнәһарға құны тиын сәлденің:

-Шарап бар ма?
У қоссаң да құй бәрін,
Алты құрлық,
төрт мұхитты сыйладым!-
Арыстанның өзі-ақ едім...
Ал, мұны
Алаңғасар сезім, саған қимадым.

Безеу бетті боятқандай қынамен,
Әсіреқызыл ұрғашыңа ұнап ем,
Әйел емес,
Қарсы алдымда қас қақпай
Қасиетті һәм күнәһар тұр Әлем.

Жүрегімді жарар болды-ау жасын ән...
Әлем - Әйел!
Құзырыңа бас ұрам,
қасиетіңді кие тұтып,
күнәңді
өз күнәмдай жанұшырып жасырам.

...Не жайсаңы ішімде өлді арманның!
Жалғыз мұң бар -
Жан біткеннен қалған мұң:
- Әйел!- десем, ән салатын Мылқаудың,
- Әлем десем, көзі соқыр...
Таңғалдым!

Мейірхан Ақдәулетұлы
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.