Бақыт дегеніміз - жан мен тән үндестігі (жалғасы)

Ал, сол жан мен тәннің үндестігін қалайша табуға, сөйтіп бақытты болуға болады? Ол үшін адам әуелі өзін жақсы көруі тиіс екен. Өзін жақсы көру - ол эгоизм емес, эгоизм деген - ол басқалардың бәрінің сені жақсы көруі тиіс деп есептеу. Ал, өзіңді қалай жақсы көруге болады? Демек, жаратқанның берген тәнін сый ретінде қабылдап, оның үніне құлақ түрген жөн. Табиғи ерекшеліктеріңізге негізделе отырып, әрекет жасасаңыз, ешқашан қателеспейсіз!
"Тәні саудың - жаны сау" деген ата-бабамыз. Яғни, өз денемізге күтім жасамасақ, тәнімізді жақсы көрмесек, дұрыс тамақтанбасақ, дене жаттығуларын жасамасақ, онда ол жанымызға өз әсерін тигізеді. Сондай-ақ, ішімдік, темекі т.с.с зиянды заттармен уламай, тән тазалығын сақтаған жөн. Тәні тазаның - жаны да таза! Денсаулығымыз нашарлап кетер болса, рухани дамуымызға да кедергісін келтірері анық.
Сосын табиғат әйел етіп жаратты ма, әйелге тән нәзік қалпыңды сақтап, әйелге тән әрекеттерді жасау керек. Еркек болып жаратылсаң, еркекше ойлап, еркекше өмір сүр. Егер әйел болып, еркектің қылық-әрекеттерін жасасаң, еркек болып, әйелше киініп, боянып, сырға тағар болсаң, табиғаттың үндестігі бұзылады.
Сондай-ақ, Жаратқан қандай икемділіктер берді, қандай дарын берді, қандай қабілет берді? Міне, осыған негізделе отырып, өмірдегі өз орныңды табасың, өз мамандығыңды анықтайсың! Адам егер өзі істеген ісіне көңілі толмаса, сүйікті ісімен айналыспаса, ешқашан өзін бақытты сезіне алмайды!
Адам тек өзі қалаған іспен айналысқанда ғана табысқа қол жеткізеді. Моральдық жағынан да материалдық жағынан да.
Адамның жүрегі махаббатқа толы болса, сол адам бақытты. Шығыс психологиясы былай дейді: "Өзің бақытты болғың келсе, өзгелерді бақытты қыл".
Алла барлық адамды тең етіп жаратты. "Басқалар саған қатысты қандай көзқараста болғанын қаласаң, оларға дәл солай қарау керексің". Өйткені, біреуді ғайбаттап немесе оған жамандық жасар болсаң, бәрі өз алдыңа келеді.
Сондықтан, табиғаттан берілген ерекшеліктерді артықшылықтарыңа айналдыра білсең - сенен бақытты адам болмайды! Олай болса, бақытты болу - өз қолыңда!

Авторы: Шолпан Кенжеева
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.