Өмірлік серігіңізді тани аласыз ба?

Қыз бен жігіт жүріп жүрген кезінде, көп жағдайда қыздың ойында «Бұл сол адам ба?» деген күдік болады. Өмірлік серігіңді табу оңай емес. Кейбіреуіміз бірден ертегідегідей жарасып кетсек, кейбіреуіміз күдікпен күн өткіземіз. Сондай жағдайдағы басты қателігіміз қыздардың сезімге беріліп, жанымыздағы адамның көзге ұрып тұрған кемшіліктерін ақтап алып, өзімізді алдап, кейін сан соғып қалатынымыз. Әрине, көп нәрсе бұйырмысқа да байланысты. Болашақ өміріңінің барлық тұсын алдын-алу да мүмкін емес. Дегенмен, кеш болмай тұрғанда сіздің өміріңізді тең бөлісетін адамды тану жолында аянбауымыз керек. Осы мақсатта келесі жағдайларға назар салайық:

1.Анасымен қарым-қатынасы. Ер жігіттің анасына деген қарым-қатынасын бүкіл әйел затына қарым-қатынасының айнасы десек те болады. Анасын қалай сыйлап, құрметтесе, сізді де, сізден туылған қыз баланы да солай құрметтейді деген сөз. Ал егер жігітіңіздің анасымен дөрекі сөйлесіп, оған ренжіп жүргенін, оған лайықты қамқорлық көрсетпейтіндігін байқасаңыз, бұл қауіпті жағдай деп біліңіз. Әрине, алабұртқан сезімге мас болып жүргеніңізде, сізге деген қатынасы бәрібір ерекше, бәрінен жоғары сияқты көрінуі мүмкін. Тіпті, анасына суық қарауы келешекте ене мен келін мәселесінде сіздің сөзіңізді сөйлейтін болады деп қуантуы да ықтимал. Бірақ, қуануға асықпаңыз. Уақыт өтіп, лаулап жанған сезіміңіздің оты басылғаннан кейін тап анасынының жағдайында екінші кезекте сіз тұрасыз. Туған анасын сыйламаған ұлға сізге қол көтеру, сізбен қош айтысу түкке де тұрмайды.

2.Ұмтылысы мен бағыты. Жаныңыздағы жігітіңіздің ұмтылысына, бүгінгі аяқ алысына мән беріңіз. Мәселе оның бай немесе кедей екендігінде емес. Бүгінге дейін қандай үлкен-кіші жетістіктерге қол жеткізді? Жас десеңіз, өзінің арман-мақсатына қарай қандай кішігірім амалдар жасалынды? Талпынысы қандай? Оның өмір салты сол мақсатына сай ма? Әлде, диванда жатып армандау мен бос бөспешілдік пе? Еріншектің ертеңі, жігерсіздің сылтауы бітпейді. Бүгінгі ер жігіт — ертеңгі отбасының асыраушысы. Сондықтан, жарайды уақыт өте түзеліп кетер деп өзіңізді бекер алдамаңыз.

3.Өмірлік ұстанымы. Сіз тоқталған жігіттің өмірге көзқарасы, ұстанымы қандай соған үлкен мән беріңіз. Аузынан шығатын қағида, заңдары өзінің ісінен байқалады ма? Әлде бәрі тек сөз жүзінде ғана ма? Бірге жүргенде қоғамдық орында өзін қалай ұстайды, белгілі бір орын алған жағдайлардағы әрекеті қандай? Әйел затына уайымға салыну, эмоцияға берілу заңды нәрсе болса, ал ер жігіт ар-намыстан, іріліктен жаралуы тиіс. Сондықтан, келеңсіз жағдайларда ол сабырлы болып, ұсақ-түйекке мән бермей, сөзге тірелмей, болған нәрседен әдемі, лайықты шыға білсе, қуана беріңіз. Себебі, жігітіңіздің бүгін бөтен адамдармен қарым-қатынасы қандай болса, ертең екеуіңіздің отбасыңыздағы тұрмыстық өміріңіздегі жағдайларға да қатынасы сондай болады.

4.Қаражатқа қатынасы. Қазақта «мырза жігіт», «жомарт жігіт», «мәрт жігіт» деген ұқсас ұғымдар бар. Сонымен бірге, заманның ағымына сай бәсеке, жалған намыс, даңқойлықтан туатын ысырапшыл, шашпа жігіттер де бар. Жігітіңіздің ақшаға қарым-қатынасына назар аударыңыз. Жігітіңізде әуел бастан орнымен беріп, орнымен жарататын, ақшаға ұқыптылықпен қарайтын сау қатынас болғаны жөн. Байдың баласы еді, бізде ондай проблема болмайды деп шатаспаңыз. Біріншіден, егер жігітіңіз еңбектің не екенін білмейтін, дайынға ие болған болса, оған әкенің малы мал болмайды. Ол бұрыннан белгілі нәрсе. Ал, тіпті жоқтан шығып байып кеткеннің өзінде қаражатқа лайықты көзқараспен қарай алмаса, бергенді көтере алмай, көргенсіздігін істейтін болады.

5.Өзіне сенімділігі. Жігітіңіздің өзіне сенімсіз, не керісінше шектен тыс сенімді болмағаны дұрыс. Негізі тым сенімділік сенімсіздіктен шығады. Яғни, өзінің бойындағы кем тұстарын (комплекстерді) жасыру мақсатында өзіне көп алу. Сенімсіз жігіт ертең сіздің дос-жараныңыз, төркініңіз, не өзіңізге қатысты дау-жанжал, қызғаншақтықпен мазаңызды тауысатын болады. Өзіне сенімді жігіт барлық жағдайды өз уысында ұстай алатын болғандықтан жер қозғалмаса анау-мынауға қозғала қоймайтын зіл болады. Сәйкесінше, сізге бейбіт өмір қамтамасыз ете алады.

6.Сізден биіктігі. Өмірлік серігіңіздің бар жағынан сізден биік болғаны дұрыс. Өнер, білім, тәжірибе, дүниетаным. Ол үшін арланудың қажеті жоқ. Сізден биік адаммен ғана өсесіз. Түсінігі кең адаммен ғана бақытты боласыз. Өзі өсуді білетін адам, сіздің де жан-жақты рухани, танымдық өскеніңізді, білім алғаныңызды, жұмыс істегеніңізді, қоғамда өзіңіздің орныңыздың болғанына дұрыс қарайтын болады. Сіздің отбасы, бала-шағадан басқа өзіндік әлеміңіздің болғанын түсініп, оның сақталуына жағдай жасай біледі. Сіздің бұл өмірде әйел атынан басқа адам баласы, тұлға екеніңізді біліп, құрметтеп, өзіңізбен санасатын болады.

Бақытты болыңыздар!

Динара Болат
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.