Олар кешірді. Сіз де кешіре аласыз!

«Реніш – тек өзіңізге тиесілі күй» тақырыбының жалғасы ретінде бүгін сіздермен үлкен қайғыларымен келген реніштерін жеңе біліп, әлемді өзгертуге үлесін қосуы арқылы мен үшін үлгі болған кейіпкерлердің басынан өткенімен бөліспекпін.

1.1972 жылы британ фотографы Ник Утпен түсірілген сурет Пулитцер премиясын жеңіп алады. Ол суретте: күйік жанын шығартып ауыртып екі қолын екі жаққа жайған, киімі өзінің үстінде жанып кеткен жалаңаш,өртке оранған ауылынан шыңғыра қашып бара жатқан кішкентай вьетнам қызы көрсетілген. Бұл фото вьетнам соғысы кезінде әлемнің барлық газет-журналдарында жарық көріп, кейіннен көптеген орта мектептердің тарих оқулығынан табылады. Сол күні Фан Тхи Ким Фуктің денесінің жартысынан көбі үшінші дәрежелі күйік деп танылады. 17 операция, 14 айлық күрделі оңалтудан өткен Ким бір құдіреттің арқасында аман қалады. Өзінің басынан өткеніне себепкер болғандардың барлығын кешіре білген Ким бүгінде Канада елінің азаматы, ЮНЕСКО-ның ерікті ізгі ниет елшісі. Сонымен бірге, соғыстың кінәсіз құрбандарына көмек көрсету мақсатында құрылған Kim Foundatoin қорының негізін қалаушы. Оған қоса, сүйікті жар, екі баланың анасы. Киммен кездескендердің барлығы оның ашықтығы, мейіріміділігі мен достық ниетін айтпай кетпейді.

2.Әлем мойындаған «Опра Уинфридің шоуы» бағдарламасының жүргізушісі Опра кішкентайында әжесінің қолында тәрбиеленген. 9 жасынан зорлауға ұшыраған қорғансыз қыз 14 жасында жүкті болады. Опраның тап сол жылы әжесі көз жұмып, ішіндегі баламен американдық байдың үй қызметшісі болып жұмыс істейтін анасына пана іздеп келеді. Өкінішке орай, өз қожайынынан ақ нәсілді қыз туған анасы Опраға еш жылулық танытпайды. Тіпті, оның жүкті екендігін білген кезде өз қызынан бас тартып үйден қуып жібереді. Амалы таусылған 14 жасар Опра жанұясы бөлек әкесін паналайды. Ішіндегі бала-қайғымен арпалысып жүрген ол ауырып ауруханаға түсіп, баласын жоғалтады. Кейін Уинфри үшін үлкен сыр ашылады. Ол өз анасының тағдырын қайталапты. Оның анасы да Опра секілді 14 жасында бейтаныс біреуден жүкті болғандықтан көрінген қыз оған ұят, қайғы, өкініштен басқа ешқандай аналық сезім тудырмаған екен. Мұны өз басынан өткерген Опра есейген кезде саналай түсіп, анасының оған мейірімсіздігін кешіреді. Опра Уинфридің шоуы көптің жүрегін жаулаған кезде, кезекті кейіпкердің әңгімесі түрткі болып, ол өзін зорлап жүкті қылған адамды тауып, оған қоңырау шалып өзінің ішіндегі күйіктен арылады. Бүгінде Опра Уинфри қайырымдылықпен айналысады: Африка мектептерін қаржыландырып, әртүрлі балалар қорына ақша бөледі. Опраның арқасында АҚШ заңнамасына балаларға қарсы барлық қылмысты есепке алу жүйесі еңгізілді.

3.1978 жылы Саймон Уэстон Ұлыбритания Валий гвардиясының әскері атанады. Фолклэнд экспедициялық корпусының құрамында болған Саймон аргентиналық ұшақтардың жан-жақтан бомба тастауы кезінде ол сол жарылған «Сэр Гэлахада» бортының ішінде еді. Жарылыс нәтижесінде Саймонның беті адам қорқарлық күйге жетіп, денесінің 49 пайызы күйіп кетеді. Сол қатерлі күннен бастап Саймонға 70-тен аса операция жасалады. Осының барлығынан кейін кек пен қатыгездікке булығып өмір сүруі керек Саймон өз сөзінде: «Өз өмірімді реніш пен кінәлауға кетірсем, мен үшін тырысып келген хирург, медбике мен маған сенген адамдардың еңбегін еш қылар ем. Өшпенділік – ол тұтынушы эмоция, ол саған еш жақсылық әкеліп қоспайды, керісінше, ол сізді іштей өртейді, бар өміріңізді сорып алып, түбінде сізді құртады»,-дейді. Қазіргі таңда Саймон Уэстон өмірге талпынысын жоғалтқан мыңдаған жастармен жұмыс істейтін Weston Spirit ұйымының вице-президенті, жазушы, мотивация бойынша үздік тренерлердің бірі.

4.Варис Дирие Сомалидегі кедей отбасында дүниеге келген. 13 жасында әкесі оны шалға тұрмысқа бермекші болғанында ол үйінен қашып, жалғыз өзі шөл даланы аман-есен кесіп өтіп, әжесіне жетеді. Варистің бұл қылығы үшін ағалары оны тірі қалдырмайтынын біліп әжесі немересін Лондон асырып жібереді. Варис көшеде түнеу, үй қызметшісі, еден жуушыдан әйгілі модель, жазушыға дейін көтеріледі. Алайда, Варистің ең басты жан айқайы оның 3 жасынан басталған еді. Ол сәби кезінде жергілікті діни салт-дәстүр бойынша сүндеттеледі. Оның айтуы бойынша, әйел адамның жыныстық мүшесі лас деген стереотипке байланысты, қыз баланы сәби кезінде сүндеттейді екен. Яғни, қыз сәбидің жыныстық мүшесін кесіп алып, далаға құс, жәндікке тастап, сол жерін тігіп қояды екен. Тұрмысқа шыққаннан кейін ғана әйел етіп алған күйеуі сол жерін кесіп ашып оның пәктігіне көз жеткізеді. Варистің бір сіңлісі сүндеттеуден кейін қансырап өлсе, екінші апасы сол себептен ішіндегі баласымен көз жұмады. Бұл сүндеттеудің кесірінен әйелдер өмір бойы психикалық, физиологиялық неше түрлі ауруға душар болады. Варис та соның барлығынан өтіп қоймай, ең алғаш болып әйелдерді сүндеттеуінің құрбаны ретінде бұл мәселенің шешілуін әлем ұйымдарына жүктейді. Осындай зорлыққа барлық қыздарын қиған ата-ана, ел-жұртына кек сақтаудың орнына ол өзінің БҰҰ мүшелерінің алдындағы алғаш сөзін: «Мен анамды сүйемін! Мен отбасымды сүйемін! Мен Африканы сүйемін!» деп бастайды. Бүгінде Варис Дарие алты бестселлердің авторы. «Шөл даланың гүлі» кітабы желісімен фильм де түсіріп үлгерді. Фотомодельдік қызметінен бас тартқан, әйелдерді сүндеттеуге қарсы БҰҰ-ның арнайы елшісі. Варис Дириенің табандылығы арқасында 193 мемлекеттің делегатынан тұратын БҰҰ Бас Ассамблеясы FGM-ге (female genital mutilation) жаһандық деңгейде тыйым салу бойынша резолюцияға қол қояды.

Сөз соңы: бұл тұлғалардың барлығы өмірден түңіліп, өзі басынан кешкен қатыгездіктің құрбаны болудың орнына, өзін-өзі жеңіп, жақсылықтың, мейірімділік пен қамқорлықтың жаршысы атанғандар. Мұндай тұлғалар көп! Және біздің ұсақ-түйек ренішіміз бұлардың көргенінің қасында түк те емес. Олар кешірді. Сіз де кешіре аласыз!


Динара Болат
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.