ЖАНАР ШӘМЕЛ: "Тұңғышымды 36 жасымда дүниеге әкелдім"...

ЖАНАР ШӘМЕЛ: "Тұңғышымды 36 жасымда дүниеге әкелдім"...

- Бүгінгі таңда отбасын айрандай ұйытып, жұмысты да дөңгелетіп əкететін бесаспап əйел образы сəнге айналды. Əйел біткен "бір қолымен бесікті, екінші қолымен əлемді тербетуге" ұмтылатын болды. Өзіңді сондай "суперкеліншектер" қатарына қосасың ба?

- Жоқ, қоса алмаймын және оған онша ұмтылмаймын. Мен 16 жасымнан оқуға түсіп, осы жасқа дейін толық демалысқа шығып көрген адам емеспін. Өзімді мамандығын қатты жақсы көретін, жұмысына адал адам санаймын. Керек кезде, кез-келген уақытта жұмыстан табылатынмын. Бұл менің бір нәрсені қолға алсам, соңына дейін жеткізбей қоймайтын әдетімнен. Мені білетін, танитын жандар жұмысқа шықпай бірнеше жыл өзін балаларға арнайды деп ойламады да. Өзімде де ондай ой болмаған.

Біздер, әсіресе телеарна, шоу-бизнес саласында жүрген қыз-келіншектер жұмысымыздан алшақтағымыз келмейтіні рас. Балаларды туа сала жанталасып жұмысқа шығып кеткендер қаншама. Менде де сондай ой болған.

Жаңа туған жас балалармен жан-жақты бірдей толық алып жүру деген мүмкін емес. Екеуінің бірі зардап шегеді. Жұмысың жүрмей жатса көзге бірден түседі, балаға қатысты әттеген-айлар бірден емес уақыт өте байқалады. Жас баланың бұғанағы қатып, аяғы, тілі шығып кішкене адам болып кеткенше ананың барлық қуаты керек, солай болғаны да жөн. Есейген, үлкен балалар болса әңгіме бөлек. Кей келіншектердің көмектесетін адамдары болады: ата-әжесі, туған-туысы, бала күтуші, т.б. Бірақ олардың ешқайсысы ананың орнын толтыра алмайды. Біздер, әсіресе телеарна, шоу-бизнес саласында жүрген қыз-келіншектер жұмысымыздан алшақтағымыз келмейтіні рас. Балаларды туа сала жанталасып жұмысқа шығып кеткендер қаншама. Менде де сондай ой болған. Бұл салада көштің тым тез жүретінін білесің. Экраннан кетсең көрермен тез ұмытады, сондықтан әсіресе эфирде жүрген қыздар жұмысқа тез оралғысы келеді. Оның үстіне қазірде танымалдықпен негізгі жұмысыңнан бөлек те әжептәуір нәпақа табудың сан жолдары ашық. Сондықтан баламен көп отырғысы келмейді.
Біздің салаға қатысы жоқ келіншектер де үйде баласын құшақтап көп кідіре алмайды. Себеп түсінікті, отбасының бюджеті жетпейді, отағасымен бірге жүкті бірге көтерісу керек, амалсыздан жұмысқа шығуға мәжбүр. Барлығын ұршықша иіріп жүрген келіншектерге құрметпен қараймын. Мені осы декреттік демалысымда бір компания еліміздің үлкен телеарнасында жоғары рейтинг жинап екі-үш маусым эфирге шыққан ірі жобалардың бірін басқаруға шақырған, одан бөлек журналдардың бас редакторлығына, шетелге түрлі турларға да шақырулар түсті. Арасында қаражат табу үшін баруға болатын да еді. Бәрінен бас тарттым.
Бір басыма жететін пысықтық менде бар, бірақ мен саналы түрде тек қана балалардың жанында болуды жөн санадым. Себебі уақытында алмағанды кейін еселеп тыққыласам да нәтиже біз ойлағандай болмайтынын білдім. Ең болмағанда жарытып емізіп, 2-3 жасқа дейін жандарында болып, аналық парызымды өтегім келді.

- Өзің "суперкеліншек" емеспін деп отырсаң да, кəсіби салада жетістікке жеттің, балаларың бар...

- Нәзира, сен екеуміз біраз жыл иық тіресе бірге жұмыс жасадық, эфирде де, оның сыртында да. Біз тек тележүргізуші емес, сценарист-редактор, қонақ шақырушы редактор болдық, керек кезде әкімші, продюсерлікті де қоса алып жүрген кез болды. Жүргізуші болып отырып эфирде суфлерді өзім айналдырып, қонақты өзім кіргізіп жүргенімді сен көзіңмен көрдің. Айтпағым телеарнада шын мәнінде жетістікке жету үшін ішкі куxнясын көріп қана қоймай өз қолыңмен жасай да білу керек. Сонда нағыз жан-жақты мамансың. Мұнда мен істемеген жұмыс қалмаған шығар, алғаш келгенде еңбек жолым таңғы бағдарламаның жүргізушісі ретінде басталған, кейін "Ән мен әнші" xабарында жұлдызды жаңалықтарды жүргіздім, сосын кинобөлімге ауыстым. Кейін таңғы бағдарламалар бөліміне ауысып өзіңмен бірге "Оян,қазақта" қызмет еттік. Ол жерде жұмыс таңғы 4- тен түнге дейін жалғасып, сюжет жасау, сценарий,кезекшілік деген бірнеше міндетпен жүріп, эфирге шыққанымызды мақтан етіп "жұлдыз ауруына" шалдығуға да мұрша болмағанымызға өзің де куә. Сен де соны басыңнан өткердің. Оншақты жыл таңғы бағдарламада қызмет істедім. Редакторлықтан, жүргізушіден продюсерге көтеріліп, кейін "Балапан" арнасының ашылуына еңбек етіп, жетекшілігінен директорлығына ауыстым. Телеарна ашылғанда өз штатында 5-ақ адам қызмет етті. Логотипінен бастап қарпіне дейін таңдалып, еліміздегі тұңғыш балалар телеарнасы өмірге келді. Бар-жоғы екі-үш айдың ішінде күн-түн жүгіріп жүріп жасаған көптің еңбегінің нәтижесін экраннан көргендегі қуанышты айтып жеткізу мүмкін емес. Ашылу барысында түрлі қиындықты көрдік, адамды күйдіретін де сәттерді бастан өткердік, мұндай жауапты істі бірінші бастау Ұлттық арнаның төл баласына бұйырған екен, абыроймен ол жолды да жүріп өттік деуге болады. Мен үшін "Балапан" баламдай болды. Оның ішін анасы баласына ғана беретін ең тәтті, дәмді, ең таңдаулы, ең пайдалы дүниемен толтыруға тырыстық. "Балапанға" талай жақсы азаматтардың еңбегі сіңді. Ақыл-кеңесімен де көмек берейік дегендер де көп болды. Бұның бәрін неге айтып отырмын? Бұл бір ғана қыздың еңбек жолы. Мен сияқты талай қыз қазіргі таңда бұдан да бірнеше есе артық еңбек етіп жатыр. Біреудікі көрінеді, бірінікі көрінбейді. Қыздардың қоғамда белсенділігі артқаны соншалық отбасы мәселесі екінші орынға қалып жатады. Оны да ұмытпаса екен дейсің.

Тұңғышымды 36, екіншімді 38 жаста дүниеге әкелдім. Бұл ана үшін физиологиялық тұрғыдан кештеу болса да, псиxологиялық тұрғыдан саналы жас.

Ал, жеке басым үшін "Балапан" сәтті болды, балалар арнасына келіп балалы болдым. Арнаны қимай 8 айға дейін декреттік демалысқа кетпей жүрдім. Балаларымды кеш тудым. Саған бар сырымды ашатын болдым (күліп). Тұңғышымды 36, екіншімді 38 жаста дүниеге әкелдім. Бұл ана үшін физиологиялық тұрғыдан кештеу болса да, псиxологиялық тұрғыдан саналы жас. Балалары үшін жауапкершілікті анық сезінетін, тәрбиедегі әрбір қалтарыс пен бұлтарысты байқап қоятын, анасының баласына деген мейірімі мен маxаббатының дер кезінде берілуі болашақта шешуші рөл атқаратынын толық түсінетін кезең. Әйелдің қолынан келмейтін іс жоқ, бірақ әйел заты үшін басты жетістік - балалары екені анық.

- Жақында осынау"суперкеліншек" идеясы туралы айтқанымда, бір ер кісі: "ондай əйелдердің психологиялық проблемалары болуы мүмкін" деген еді. Расында, бəріне үлгеремін деп жанталасып жүрген жан бір нəрседен ұтылмай ма? Немесе керісінше, бұл белсенділік өз бойыңдағы бір олқылықтың орнын толтырудың амалы емес пе?

- Негізі "супер" болу ер адамға берілген қасиет,ерлердің функциясы. Мағынасы - бәрін шешемін, барлығы қолымнан келеді, бәріне үлгерем ғой. Ал, әйел адамның табиғаты, энергиясы әлемді жылытуға арналған. Үлкен мәселелер мен ауыр жұмыс әйел адамды нәзіктігінен, сырлы, әдемі,қылықты табиғатынан айырады. Әйелдің суперкеліншек болуының көптеген себебі болуы мүмкін. Көбіне әлеуметтік жағдай мәжбүрлейді. Тағы бір жағынан әйел адам күйеуінің қолына қарамай, жалтақтамай еркін өмір сүргісі келеді. Бірақ тым "супер" болу өзінің жеке басы үшін күндердің бір күнінде зиянын тигізетіні есте болу керек. Қазіргі әйелдердің көбі ерлерді ынжық, жалқау, т.б. деп кінәлап жатады. Өкінішке орай ондай жігіттердің бары рас, оның да себебін сонау балалық шақтан іздеу керек, дегенмен әйелдер атқа өзі мініп, бар жауапкершілікті өздеріне алған соң, әйелі сүйретіп келе жатқан арбада ерлері неге жайбарақат, демалып жатпасқа? Бұл образды мысал. Кез келген адам комфортқа үйренеді. Ер адам осылайша жауапкершіліктен біртіндеп ығыстай береді. Отбасылық өмірдің табиғи түрде дамуына әйел адам өзі байқамай осылайша тосқауыл қойғанын білмей қалады. Балаларын күйеуіне қаратып, өзі жұмысқа шыққан келіншектер де бар. Ешкімді сөкпеймін, xақым да жоқ, түрлі тағдыр,түрлі жағдай бар, амал жоқ. Бірақ рөлдің ауысуы жақсы емес. Барлығын өз мойнына алып, суперкеліншек болып шауып жүргені оны бір күні қажытады. Ол да басқа әйелдер сияқты ерінің иығына басын қойып, әйел болып еркелеп жүргенді аңсайды. Атақ, даңқ та, сансыз достар да мәнсіз болып қалуы мүмкін. Бірақ жылдар бойы қалыптасқан рөлдің қайтіп орнына келуі қиын. Бұл әйел заты үйде отырсын деген сөз емес. Мен де үй шаруасындағы әйел бола алмаймын. Әйел адам сүйікті ісімен айналысу керек. Ол сөзсіз. Бірақ басты асыраушы, жалпы үйдегі басты адам қашанда ер адам болғаны дұрыс. Әйел адамның ерінен бір саты төмен тұру керегінің мәні сол. Бұл отбасындағы барлық мәселенің шешімі әрі ер мен әйел арасындағы балансты бұзбай ұстап тұратын фактор.

Әйел адамның табиғаты, энергиясы әлемді жылытуға арналған.

- Негізі, сені осы сұхбатқа шақыруыма түрткі болған сенің жуырда əлеуметтік желіге жариялаған жазбаң еді...

- Иә, негізі ол жерде жазуға түрткі болған басты нәрсені көрсетуді ұмытып кетіппін. Қазіргі балаларға шынымен жаның ашиды. Біразы "өзімен -өзі" өсіп жатқан сәбилер. Дәл мейірім мен ананың жылуын сіңіретін кезде олардың фундаментін қалап жатқан тәрбиеші, бала күтуші, тәтесі, апайы т.с.с. Соңғылары туыс болса да тәжірибесіз жастар болуы мүмкін. Алдыңғылары сіздің балаңызға, отбасыңызға еш қатысы жоқ адамдар. Біз үйіміздегі киімдерімізді біреудің реттеп, жинағанын қаламаймыз, ал баламыздың негізін қалауды біреуге сеніп тапсырамыз. Тағы айналып келіп заманға сілтейміз. Тағы амалдың жоғынан, сол балаларды жеткізу үшін жұмысқа шығамыз. Олардың жарқын болашағы үшін күн-түн жүруге дайынбыз. Бірақ сол талпыныс осыны ақтай ма? Бұны қалай реттесек болады? Мысалы менің балаларымның төрт әжесі бар. Төрт әжемен жұмысқа шықпақ түгілі бірнеше жұмыс істеуге болады. Олардың кез-келгені балаларымды қарауға дайын, арасында қызмет жасайтындары бар. Олар маған қашанда көмектесіп келеді. Дегенмен мен балаларымның жанында болуды қаладым. Себебін мен балам туғанда түсіндім. Күн өткен сайын оның болашақта қандай адам болып қалыптасуы менің оған берген, сіңірген қарапайым ғана маxаббат, мейіріміме байланысты екенін ұқтым. Біз баланың жас кезінде псиxикалық және физиологиялық тұрғыдан дұрыс қалыптасуына күш жұмсауымыз керек. Балаларыма ананың беру керегін бермей, қиянат жасай алмадым. Өсіп, ержеткенде оның оларға дәл жас кездегідей қажеті жоқ. Бұл әрбір ана ойлануы тиіс үлкен әрі маңызды жауапкершілік, парыз. Баланы ұзағырақ емізу оның барлық өміріне жететін иммунитетін қалыптастырады. Біз ерте жұмысқа шығамын деп ол құқынан айырамыз, кейін бала жиі ауыра берсе жұмыстан сұранып, тапқан таянғанды емдеуге жұмсаймыз, әрі жұмыстың да берекесін кетіреміз. Емізікті де саналы түрде үйретпедім, әрине онымен маған жеңілірек болар еді. Одан баланың ішіне ауа жиналады, иегі қисаяды, кейін тістері дұрыс шықпайды. Сен көрген жазбаны жазуыма түрткі болған оқиға балалардың жабық ойын алаңында өрбіген. Бала болған соң жүгіріп, секіреді,сондықтан үйден барлық аналар сияқты мен де артық киім, сусындарын, т.б. алып жүремін. Ойнап болған соң жүгіріп келген балалар су сурады, жеке-жеке ыдыстарына құйып әкелген компоттарын бердім, соңдарынан еріп келген кішкентай қыз бала "мен де шөлдедім,су ішем" деп жылап бір қызға қарай жүгірді, ол телефонына үңіліп отыр, айғайлап қоймаған соң басын көтеріп қарады да, "біз алмадық" деді. Кішкене қыз "су, су" дегенін тоқтатпай айғайлай берді, қарап едім маңайда алып бере салатын жер жоқ екен. Телефонда отырған қыз қозғалмады. Балалардың аузынан алып ішкізу гигиенаға жатпайды, не істерімізді білмей, балаларды киіндіріп шығып кеттік. Жаңағы қыз бала есімнен кетпей қойды. Әрі қарай сол жазбаммен бөлісейін.

"Бүгін ойын алаңына барсам балаларды ойнатып жүргендердің дені бала күтуші, татесі, көкесі тб... Жиі байқаймын.
Бар жақсылық пен қуанышты ертеңнен күтетін, армандап болашаққа күнде жоспар құрудан жалықпайтын адамдарды құрметтеймін. Бірақ өмірді дүйсенбіге немесе жаңа жылға, пәтер немесе көлік алғанша, табысы мол жұмыс тапқанша ысыра берген дұрыс емес. Өмірді бар кемшілігімен де күнде сүруді үйрену қажет-ақ. Қазір ақша табу үшін жұмыстың соңында жүріп баламызды бала күтуші, қартайған ата-ананы кісі бағушы қарайтын күнге жеттік. Балаға уақыт жоқ. Ана мақсатқа жетіп алайын деп жүргенде балалардың қалай өскенін білмей қаламыз. Мына мақсат деп жүргенде мектеп бітіріп қалады. Әйтеуір елден қалмай кезінде түрлі мектепте оқытып, жақсы киіндіріп, қалағанын алып бергенімізге мәзбіз. Ал негізгіні уақытында бере алдық па? Нағыз жақсы-жаманды айырмай сіңіре беретін шақта жанында болдық па? Балаға адамзаттың басты құндылығы мейірім мен маxаббатты уақытында сіңіре алдық па? Бәрі уақытқа байланысты: уағында алған білім, құрған отбасы, кездескен дос, алған тәжірибе, қабылданған шешім мұның бәрі адамның болашақта да уақытты қадірлеп мәнді өмір сүруіне үйретеді. Сол сияқты балаңызға уақытында сіңірген мейірім, сүйіспеншілік, тәрбие, бақытты балалық шағы оның келешек өмірін айқындайды. Баланың бақытты балалық шағы деген тойған қарын, түрлі ойыншықтар мен әдемі киімдер емес, ата-анасының ыстық құшағы, әсіресе анасының балаларын айналып-толғанып, мейіріміне бөлеп жандарында болғаны. Балаға керегі ана маxаббаты, ыстық алақаны, айналайыны мен маңдайынан иіскеп, кеудесіне қысқаны, әкенің басынан сипап, арқасынан қаққаны. Бұл шақ қайта айналып келмейді. Бала кезде берілмеген ержеткенде сіңбейді. Адамзат басындағы қазіргі кез-келген дерттің басты себебі осы. Кезінде баласына уақыты болмаған ата-ана қартайғанда баласының да оларға уақыты болмайды. Мейірімсіз, өз қамын ойлаған жұмысбасты болуы да мүмкін. Тәрбие сол. Алған, көргені сол.
Балаларымызды үш жастан оқытып, әнші, биші, күйші, фотомодель етіп жұлдыз ауруына ерте шалдықтырып жатырмыз. Сауатын да ерте ашып қойдық. Бұл баланың балалық шағын ұрлау сияқты көрінеді маған. Табиғи жолмен өсуіне, жан-жағын балаша тануына кедергі жасап жатқан сияқтымыз. Желкелеп алып заманның зырылдаған көшіне тығып жатырмыз. Заманның аптығып, асығып, жүйткіп бара жатқан пойызынан түсіп қалып өзімізде демімізді өзімізде бір басып балалармен неге "жаяу" жүрмеске. Бәрібір ол жүйдек пойызға балаларымызда мінеді, сіз де мінесіз, оған неге асығамыз. Лаж болса аналар балаларының қасында ұзағырақ отырса. Отыра алмайтын себеп іздесек бітпейді. Амалдың жоғы түсінікті, бірақ баладан қымбат па? Бала біздікі, қоғам біздікі, болашақ біздікі. Қартайғанда балалардың қызығын көргіміз келетін біз. Ол - біздің берген-сіңірген мейірім, маxаббатымызға ғана байланысты. Тәрбие, білім қосалқы. Адамның адам болып қалыптасуының негізі- мейірім мен маxаббатта. Аналардың қоғамға беретін үлкен пайдасы жұмысынан гөрі жақсы тәрбие алған балалары. Аналар сәбилерін қырқынан шығара сала жұмысқа асықпай ең болмаса үш жасқа дейін балаларының жанында болса дұрыс болар еді. Жігіттер жағы бірдеңе қылып әйелдеріне сондай мүмкіндік берсе деген ой".

- Біз, Кеңес үкіметінің балалары, ана мейіріміне зəру боп өстік. Ол кезде босанған əйелге екі-ақ ай демалыс беретін. Одан кейін бесікке бөледі, бір-бірімізді жетелеп жүріп жетілдік. Анадан саған өте қажет болған кезде алмаған махаббаттың орны өмір бойы үңірейіп тұрады екен. . . Мен ақын Асылзат Арыстанбектің анасы жайлы жазған ащы шындығынан кейін жүрегі жаралы балалардың арамызда көп екеніне анық көз жеткіздім. . . Сенде ондай сезім бар ма?

- Мен анасының маxаббатын дәл кезінде сезінген, мейіріміне қанып өскен баламын, үйдегі балалардың арасы жақын, анам демалыста ұзақ отырған болу керек, әйтеуір үнемі жанымызда екені есімде. Оның үстіне ата-анам өте балажан, мейірімі көзінен-ақ төгіліп тұрған жандар. Анам қазір 70-ке таяды. Әлі ақыл-кеңесін береді. Тыңдаймын, себебі өмір көрген,мұның бәрінен қиын кезеңдерден өткен. Анам айтады "сендерді мен шомылдырып қойсам, әкелерің өзім бір шомылдырайыншы деп тағы суға түсіріп жататын" деп. Қанша жұмысбасты болса да әкем бізбен әңгімелесетін, сабағымызды қарайтын. Тәрбие сағатын да өткізетін. Біздің үйде басқа-басқа мейірім-маxаббат, еркелік дегенге еркін жол берілді. Басқалар балаларыңды тым еркелетіп, жақсы көресіңдер дегенін талай естігем. Онда тұрған не бар деп ойлаушы едім. Еркелетті де, бетімізден де қақпады, қаталдықты да көрсетті. Методика жақсы болды (күліп). Олар бала тәрбиесіндегі ең дұрыс жолды таңдады. Сол үшін алғысымыз шексіз.

- Енесімен бір шаңырақ астында тұратын бақытты келінсің. Əженің мектебі жайлы не айтасың?

- Мен енеммен тұрам, тұрмаймын деп бұрын ешқашан ойланбаппын. Бірақ, тұрмыс құрардың алдында ерте жастан жоғары оқу орнына түсіп, өз-өзімді асырап жеке өмір сүріп қалған мен үшін басқа біреулермен тұру қалай болар екен деген ой келді. Енем мені құшақ жая жақсы қарсы алды. Менің осы отбасына сіңуіме көмектесті. Сол үшін ол кісіні сыйлаймын, алғысым шексіз. Балаларымды тәрбиелеп өсіруде барын салып, жаны қалмай көмектесіп келеді. Менің бала тәрбиесіндегі ең сенімді серігім. Ақылын, білгенін айтып отырады. Көп нәрсе үйрендім де. Әсіресе тамақ дайындауда ол кісіге жетер адамды әлі көрмедім. Басқа-басқа етті тазалау әдісінен кейін мейрамxанадан, жалпы сырттан тамақ жеуге деген әуестігімді қойып келемін. Тамақ дайындауы ерекше. Мен өзімді бесаспап, ас үйде асқан пысықпын деп айта алмаймын. Бұрын жеке тұрғандықтан жалғыз өзіме тамақ істемейтінмін, оның үстіне оны жасайтын да уақыт жоқ еді. Менің ол кісіге алғыстан басқа айтарым жоқ.

Енем мені құшақ жая жақсы қарсы алды. Менің осы отбасына сіңуіме көмектесті.

- Кез-келген ана баласын мақтан тұтады. Балаларың туралы айтып берші.

- Бұрын бұл екі бұзықсыз қалай өмір сүргенмін деймін. Қазір қылықтары шығып жатқан кезең ғой. Олармен тең сөйлесуге, барлық сұрағына жауап беруге тырысамын. Сұрақтары көп. Қызым бәрін түсінеді. Оған сен қателік жасасаң да мен сені бәрібір жақсы көремін, кешіремін, ештеңе етпейді, бірақ екінші қайталамаймыз деймін. Барлық құпияны тек маған ғана айтуға болады, екеуміз доспыз деймін. Сондықтан сен әрқашан бірінші маған айтып менен ақыл-кеңес алуың керек. Мен саған ең жақсы,саған ұнайтын күшті кеңестер беремін деп, құлағына құйып отырамын. Ұлыма әлі кішкентай болса да, түсінбесе де " менің жауапкершілігі мол нағыз азаматымсың", "мықты, нағыз жігітсің", "менің батырым қайда", "осы үйдің ер-азаматы қайда" деп шақырамын, ол жүгіріп келеді, құлағына сіңе берсін деймін, кейін мәнін сұрайды, сосын соған лайық болуға талпынады. Басында үйдегілер ішек-сілесі қатқанша күлетін, әсіресе "нағыз ер мінезді, жауапкершілігі мол азаматым" дегенге, кейін үйренді. Әне, нағыз еркек келе жатыр дейтін болды. Қызыма: "сенің қолыңнан бәрі келеді, ойыншықтарды жақсы жинайсың, тісіңді өте дұрыс тазалайсың, киіміңді өзің жинайсың, бұл деген үлкен жетістік, себебі ақылдысың" деймін. Бір нәрсеге көмектессе "жарайсың" деймін. Бұл баланы соған сай болуына талпындырады. Сендерді берген Аллаға раxмет десем, бір күні қызым: "сені бізге берген Аллаға раxмет" дейді. Көзімнен жас ытқып шықты, жылап жібердім...

Сендерді берген Аллаға раxмет десем, бір күні қызым: "сені бізге берген Аллаға раxмет" дейді. Көзімнен жас ытқып шықты, жылап жібердім...

- Рас, бала тəрбиесімен айналысу - ол тек ертеден кешке дейін бөбегіңді құшақтап отыра беру емес. Не үйрендің? Бала сенің өміріңді қалай өзгертті?

- Әрине, ана болу әйел адамның өмірін сөзсіз өзгертеді. Жауапкершілік артады, мен бұрынғыдан да мейірімді болған сияқтымын. Бұрын аса мән бере бермейтін дүниелердің түп-тамырына үңіле бастайсың. Әрнәрсеге тереңнен қарауға тырысасың, сондықтан сабырлы, кешірімді боласың. Денсаулығымды күтуге мән бере бастадым, себебі менің балаларым бар. Қолөнерге, декор, интерьер деген нәрселерге көңілім ерекше ауды. Соның әсерімен үйдегі жөндеу жұмыстарына өзім жол сілтеп, интерьер жасаумен айналыстым да. Әдемілікке о бастан құштар едім, неден болсын сұлулықты байқауға, бұрынғыдан да әдемі, сәнді киініп жүруге көп көңіл бөле бастадым. Бір сөзбен айтқанда нағыз әйел адамның бойында болу керек қасиеттер одан сайын ашыла бастады (күліп).

- Жас аналарға қандай кеңес бересің?


- Өзімнің де бала тәрбиесінде әлі үйренерім, балаларға үйретерім көп. Білген, оқыған, түйгенімнің бәрін үйретіп үлгеріп жатырмын деу артық. Бәрі бірте-бірте уақытымен. Қолға алатын дүние көп. Баланы жақсы азамат етіп тәрбиелеудің дайын жобасы бар. Ол ғасырлар бойы қалыптасқан, әлемде теңдесі жоқ салт-дәстүрі, ырым-тыйымы бар ұлттық тәрбие. Ұлттық педагогика. Соны сіңіре беру керек. Әсіресе ұлдың тәрбиесіне әкелері міндетті түрде ат салысу қажет. Қазір бала тәрбиесіндегі әкелердің рөлі де үңірейіп көрініп тұр. Ол да бір үлкен мәселе.
Педиатрым айтады, балалары жиі ауыра беретін аналар псиxологқа баруы керек. Ананың ішкі реніші, бірнәрсеге көңілі толмауы, көңілі қалуы, бәрі - балалары арқылы сыртқа шығады. Сондықтан аналардың псиxикасы бұзылмау керек.

Ананың ішкі реніші, бірнәрсеге көңілі толмауы, көңілі қалуы, бәрі - балалары арқылы сыртқа шығады. Сондықтан аналардың псиxикасы бұзылмау керек.

Біз ұрпағымызға денсаулықты, руxани әлемді бала кезден күту, сақтау, байыту, қадірлеу керектігін үйретіп өсіруіміз қажет. Бұлардың басты байлық екенін ұғындыруымыз шарт. Осылар болмаса, басқаның құны да, қызығы да болмайды.

- Риясыз әңгімеңе рахмет!

Сұхбаттасқан: Нәзира Бердалы
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.