Әйелдің тоқталу кезеңі

admin 31-03-2016, 23:43 Денсаулық 0 пікір
Әйелдің тоқталу кезеңіӘйелдің тоқталу кезеңінде ұрық бездерінің қалыпты қызметі аяқталады. Көпшілік әйелдерде бұл мезгіл 40-50 жас аралығында өтеді. Бұл кезде етеккір келу тәртібі бұзылып, бала көтеру мүмкін болмай қалады. Ұрық бездер қызметі бірте-бірте бәсеңдейді. Тұқымдық жасушалардың толысуы тоқтайды, бірақ олардың гормондық қызметі әлі көп уақыт жалғасады. Орта есеппен алғанда климакстық мезгіл 6 айдан 3 жылға дейін созылады. Оның басталуы әйелдің тұрмыс жағдайына, ағзасының жеке ерекшеліктеріне байланысты. 40 жаста да (ерте климакс), 50 жаста да (кеш климакс) басталуы мүмкін.
Орта есеппен алғанда климакстық мезгіл 6 айдан 3 жылға дейін созылады.

Климакстың ерте басталуы нәсілдік ерекшеліктерге, сол сияқты бастан кешкен ауруларға байланысты. Тұрмыс пен жұмыс жағдайының қолайсыздығы, тамақты жөндеп ішпеу адамды тез қартайтады. Сонымен қатар ағзадағы зат алмасуының бұзылуынан (семіру немесе жүдеу), жарақаттанып, психикалық зақымданудан да климакстың ерте басталып кетуі мүмкін. Ерте тоқталуға көбіне қайта-қайта жасанды түсік жасата беру де әсер етеді.
Ерте тоқталуға көбіне қайта-қайта жасанды түсік жасата беру де әсер етеді.

Айта кетерлік жайт, етеккір неғұрлым ерте тоқтаса, климакстық мезгіл де соғұрлым ерте басталып, ауыр өтеді. Ал керісінше, етеккір неғұрлым кеш тоқтаса, осыған байланысты өтетін қолайсыз жайлар да біршама жеңіл болады. Етеккірі ерте келген әйелге қарағанда, кеш келген әйелде климакстың мерзімінен бұрын басталуы таңданарлық құбылыс. Бұл әдетте ұрық бездері қабілетінің жеткіліксіздігін көрсетеді.
Климакстың кеш басталуы көбіне жыныс мүшелеріндегі қандай да бір аурудың, мысалы, жатыр фибромиомасы (ісік) немесе басталып келе жатқан обыр (рак) дертінің салдарынан болуы ықтимал.
Мезгілді етеккірдің тоқтауы климакстың ерекше белгілерінің бірі. Ол кейбір әйелдерде бірден тоқтап қалса, енді біреулерінде жүре келе жоғалады. Алдымен олардың жүретін күні кеми түсіп, қан мөлшері азая береді, келетін күндер арасы да алыстай түседі. Сөйтіп барып етеккір мүлдем тоқтайды. Кейбір әйелдерде 3-6 ай көрінбей кетеді де, бірнеше рет бұрынғысынша келіп жүріп, содан кейін менопауза басталады. Етеккір әбден тоқталып біткеннен кейінгі кезең менопауза деп аталады.
Етеккірі ерте келген әйелге қарағанда, кеш келген әйелде климакстың мерзімінен бұрын басталуы таңданарлық құбылыс.

Бұл мезгілде жыныс мүшелерінде өзіндік өзгерістер болып жатады: аналық ұрық бездері семіп, кішірейіп кетеді, қызметі нашарлайды. Климакстық кезең ішінде ұрық бездерінде толыққанды тұқым клеткасының жетілуі аса сирек кездеседі. Егде тартқан кезде бала көтеріп, босанатын әйелдердің аз болуы осыдан. Басқа ішкі секреция бездерінде де, әсіресе, ми қосалқысында (гипофиз), бүйрек және қалқанша бездерінде үлкен өзгерістер болады. Жатыр көлем жағынан кішірейіп, қынап ықшамдалып, тарылады, оның кілегей қабығы жұқарып кетеді.
Әйелдің түр, пішіні де өзгереді. Бірқатар әйелдердің зат алмасуының бұзылуынан денесін май басады, ол әсіресе екі санға, қарынға және емшек бездеріне жиналады. Кейбір әйелдер, керісінше, жүдеп кетеді. Олардың май қабаты жоғалып, терісі қатпарланып тұрады. Мұндай өзгерістер ертелі-кеш әйелдердің бәріне де келеді. Әйелдердің басым көпшілігінде (85-90 пайыз) тоқталу кезеңі ешбір белгі бермей өтеді. Оларда назар аударарлық ауыр жағдай болмайды, әйелдер өздерін іске қабілетті, саумыз деп біледі.
Әйелдердің басым көпшілігінде (85-90 пайыз) тоқталу кезеңі ешбір белгі бермей өтеді.

Тоқталу кезеңі ауыр боп басталған әйел невропатологқа да, терапевтке де бармай, гинеколог дәрігерге көрінуі тиіс. Бұл мезгілде қан тамырлар қызметінің бұзылып, басқа, бетке, дененің тағы басқа жерлеріне қан құйыла беруі өте бір қолайсыз құбылыс. Бет, желке қызарып, адамды тер басады. Қанның кенеттен ұстама тәрізді құйылуы бір тәулікте бірнеше рет күндіз де, түнде де, кейде тіпті әйелдің түн ұйқысын бөліп қайталана береді. Қан құйылуы тоқтаған бойда, қан ішкі органдарға сарқылып, әйелдің өңі бозарып, дел-сал боп шаршап, көбінесе ұйықтай бергісі келеді.
Жүрек маңының ауруы, себепсіз үрей, санасыз қорқу, кейде естен танып қалу да қан тамыр қызметінің бұзылуынан болуы мүмкін. Кейбір әйелдер жүрегінің соғуы жиілеп, басы айналып, құлағы шыңылдай беретінін айтады. Қан тамырлар қызметінің бұзылуынан артериалдық қан қысымы да өзгереді, климакстық кезеңде ол жиі ауытқып тұрады. Осыдан кей әйелдердің аяғы мұздап, жансызданса, ал кейбіреулерінде ет пен терінің арасы сәл жыбырлап тұрғандай болады.
Климакстық кезеңде қан қысымы жиі ауытқып тұрады.

Бұл мезгілде ағзаның жеке ерекшеліктеріне, жүйке жүйесінің жалпы жағдайына байланысты, кейбір әйелдерден ұйқы қашуы мүмкін. Бірқатар әйелдер етеккірі келген кезде басының сақинасы ұстайтынын айтады. Егер етеккір тоқтаса, бас ауруы да тоқтайды, ал ол келетін күні бас ауруы да сап ете қалады. Бас ауруының жүрек айнытып, құстырып, жалпы жағдайды әлсіретуі де ықтимал. Көп әйелдерде бұл кезеңде бұрын болмаған кінәмшілдік, жоқ нәрсеге кею, кек тұта қалу пайда болады. Көңіл-күйлері тез бұзылып, соның салдарынан маңындағы адамдармен ұрса береді.
Көп әйелдерде бұл кезеңде бұрын болмаған кінәмшілдік, жоқ нәрсеге кею, кек тұта қалу пайда болады.

Етеккір көп уақыт келмей қалғанда, кейде басқаша қан кетеді. Мұндай қанның бірде аз, бірде мол келуі мүмкін, бірақ ол қашан да ұзаққа созылады. Әдетте бұл жағдай ішкі секреция бездері қызметінің, соның ішінде ұрық бездері қызметінің бұзылуынан болады. Қанның ұзақ келуі ағзаны қалжыратады, ауруға қарсыласу қасиетін кемітеді, қан аздыққа ұшыратады. Оның үстіне, қанның ұзақ уақыт толастамауы қауіпті сырқаттың, мысалы, обыр (рак) ауруының белгісі болуы да мүмкін. Бұл сияқты белгілерге еш уақытта мән бермей жүре беруге болмайды!
Тоқталу кезеңінің ауыр белгілері дәрігердің тікелей бақылауында гормондармен емделеді. Гормонды емнің ағзаның жұмысын реттеушілік мәні бар. Ол орталық жүйке жүйесі мен ішкі секреция бездерінің бұзылған қызметін қалпына келтіреді.
Бұл мезгілде қолданылатын гормондарға әйел мен еркектің жыныс бездерінің препараттары, ми қосалқысының, бүйрек безінің, қалқанша безінің препараттары жұмсалады. Гормондарды дәрігердің тағайындауынсыз пайдалануға мүлдем рұқсат жоқ. Бұл дәрілер жас мөлшеріне, етеккір келу циклына, қан келуінің себебіне қарай тағайындалады. Осындай мәнін білмей, теріс емделуден ішкі секреция бездерінің мұнсыз да бұзылып тұрған өзара байланысын одан ары алшақтатып, денсаулыққа нұқсан келтіру оп-оңай. Гормонмен ұзақ емделгенде кейде ол бойдағы ісіктің өсуіне ықпал етіп, ал кейде тіпті жаңа ісік пайда болуы да мүмкін.
Гормонмен ұзақ емделгенде кейде ол бойдағы ісіктің өсуіне ықпал етіп, ал кейде тіпті жаңа ісік пайда болуы да мүмкін.

Климакс кезеңіндегі аурудан сақтанудың негізгі шарттарына келесі мақаламызда кеңінен тоқталамыз.

(с) ak-kelin.kz
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.