Кішкентай миллионер

Әлемнің кез келген үлкен жетістікке жеткен байларының өмірбаянын оқып отырсаң, олардың сол жетістіктері балалық шағынан бастау алғандығын байқауға болады. Мәселен, тарихтағы ең алғаш «долларлық» миллиардер атанған Джон Рокфеллер кішкентайында кәмпитті сатып алып, оны шағын бөліктерге бөліп, өзінің бауырларына бағасын өсіріп сатқан. Ал жеті жасында өзі күркетауық өсіріп, оларды көршілеріне сатуды кәсіп еткен. Нәтижесінде жиналған 50$-ды көршісіне жылына 7% өсіммен несиеге берген. Мұндай кәсіп, Рокфеллердің отбасындағы бала тәрбиесінде дәстүрге айналған.

Сонымен, әрбір көзі ашық, баласының болашағынан үлкен үміт күтетін ата-аналар үшін:

1.Баланың арманы мен қиялына ерік береміз! Олардың ойларымен бөлісіп, қиял-ғажайып мақсаттарын құптауымыз керек. Тіпті, біздің ойымызға сыймай тұрған нәрсе, олардың ойына сыйса да «Армандапсың!», «Түс пойыздан!», «Ондай сенің әкеңде де болмаған» деп жекімейміз! Үлкен нәтиже кішкене арманнан басталады. Ал қиял өнерге қанат бітіреді.

2.Баламыздың шексіз мүмкіндіктеріне сенеміз және оларды сендіреміз! Қабілетсіз, дарынсыз бала болмайды. Оны анықтау үшін баламен бірге ізденеміз. Бала не жасап көремін десе, соған жағдай жасаймыз. Үйді шашып, жарды бояй ма, көйлегін кесіп, іс тіккендей бола ма, жол ашық! Барлық атақты дизайнер, суретші секілді өнерін тауарға айналдырғандардың болашағы еркіндіктен басталған.

3. Баланың бойында өзіндік тәртіп қалыптастырамыз! Жуыну, кір киімін кір жуғыш машинаға дереу жеткізу, кірген бойда аяқ киімін орнына қою, сырт киімі немесе оқу формасын ауыстырмай келесі іске көшпеу, өз бөлмесін немесе өз аумағын таза ұстау, қоқыс шелегімен жұмыс жасау және т.б. Мұның барлығы баланың өз әлемін, болашақта күн тәртібін, уақытын, алдындағы міндеттерді тиімді ұйымдастыруға негізгі қадам.

4.Үлкендердің орнын анықтау: әке қабағы, шеше тапсырысы, ұстазды сыйлау. Үлкеннің сөзін бөлмеу, кешірім сұрай білу, келісу, ұсыныс жасай білу. Бұл үрдістің барлығын күнделікті өмірде қолдануымыз керек. Ол арқылы бала адаммен оңтайлы қарым-қатынас орната білу, шешім қабылдауды меңгереді.

5.Балаға ақша туралы түсінік беру. Баланың санасында бағдарлама қалыптастыру: «Ақша білім, еңбек арқылы келеді. Ақша – ол мүмкіндік! Ақша – ол жақсы нәрсе! Ақша – айырбас құралы». Және бұл жерде бала ата-анасының айлық қызметінен кейін еңбекақы алатындығын, оның отбасының керек-жарағына жұмсалатындығын көруі тиіс! Еңбекақы алынған күні уыс ақшаны қолына ұстатып, санатып көргізу керек.

6.Отбасыңыздың жағдайы өте жақсы, ал балаңыз көзіңіздің ағы мен қарашығы болса да оның бар дегенін жасау оның болашағына балта шабумен бірдей. Бұл жерде әйгілі магнат Дональд Трамптың мына сөзі орынды: «Не взваливайте на своих детей тяжкую ношу незаслуженного богатства: это может «парализовать» их, отбить у них охоту много трудиться и добиваться собственного успеха в жизни».

7.Ақша жинап және оны жаратуды үйретеміз! Балаға ақша жинақ сандықшасын әперіп, оның жақсы бағасы мен ерліктерін ақшалай мадақтау қажет! Сандықшаға өзіне тиесілі ақшаны жинату баланың бойында оның белгілі бір еңбек, амал, әрекет арқылы келетіндігін түсіндіреді. Жиналған ақшасын өз бетімен жаратуға жол беру. Бала бар ақшасын болмашы нәрсеге жұмсап сандықшасын босатса да, көру, қателесу арқылы сабақ алады. Сәйкесінше, тиімді жаратуды үйренеді.

Ескерту: кішкентай миллонерді тәрбиелеу кезінде, әрбір қадам «адамгершілік», «мейірімділік» қағидасына негізделуі тиіс! Сол кезде ғана болашақ үлкен миллионердің ұйқысы тыныш, жеген асы сіңімді, өзі шын бақытты болуына толықтай кепілдік бар!



Динара Болат
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.