Тас емшегін иіткен...

Емшек баласы үшін ең тиімді тағам ана сүті, онда баланың тез өсуіне керекті заттардың бәрі де бар. Ана сүті нәрестенің бойына тез сіңеді, сондықтан одан ас қорыту жолдарының қызметі бұзылады деп күдіктенбесе де болады. Соңғы зерттеулерге сүйенсек, ана сүтін қорытуға жиырма минут уақыт та жеткілікті. Сол себепті, егер бұрын сәбиді үш, үш жарым сағат сайын емізіп, түнде алты-жеті сағат үзіліс жасау керек деп есептелсе, қазіргі уақытта дәрігерлердің бәрі бала емшек сұраған сайын беру қажеттігін айтады. Нәрестенің жылағанын күтпей, балапан тәрізді аузын ашса, саусағын сорса, мазасызданса бұл да оның емгісі келгендігінің белгісі деп білу керек.
Емшек сүтіндегі ақуыз, май, көмірсулар бала ағзасын оның дұрыс өсуіне қажетті заттармен қамтамасыз етеді. Нәресте емшек сүтінен минералды тұздарды да алып отырады, бұлар тіс шығуына, жүйке, бұлшық еттер жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне, қан түзілу процестерінің өз қалпында болуына көмектеседі. Ана сүтін ішетін балалардың жұқпалы ауруларға қарсыласу қабілеті әлдеқайда артық болатыны әбден белгілі. Қолдан тамақтандырылатын сәбилерге қарағанда олар сирек және онша қиналмай, жеңіл ауырады.
Бала емізетін ана жеке басының гигиенасын сақтауы тиіс: қолының тырнағын алып, бала емізерде басына орамал салып, қолын жылы сумен сабындап жуып, емшектің ұшын күнделікті жылы сумен немесе екі процентті сода не бор ерітіндісімен ылғалданған мақтамен сүртіп тұруға тиісті.
Емшектің сүтін сарқа емізу онда сүттің көп болуына әсер етеді. Оны емшекті дұрыс алатын баланың өзі еміп тауысса, тіпті жақсы. Ал бала еміп болғаннан кейін емшекте әлі де сүт қалса, оны міндетті түрде сауып тастау қажет. Әйтпесе емшектегі сүт ұйып, жаңа сүт келмей, ақыры бала сүтсіз қалады.
Емізген сайын балаға сүт жететін болса, бір емшекті ғана беру керек. Ол аз болып қалса екіншіні беруге болады, бірақ мұндай жағдайда келесі жолы балаға шала емілген емшекті сарқа емізу қажет.
Баланы 20-25 минуттан артық емізудің қажеті жоқ. ол өз нормасын алғашқы 5-10 минутта-ақ еміп болып, қалғанын одан кейінгі 5-10 минутта емеді. Емшектегі сүттің аз не көп болуы әйелдің дұрыс тамақтануына, жан дүниесінің тыныштығы мен режиміне байланысты. Ол тәулігіне кемінде 7-8 сағат ұйықтауы керек.
Бала емізетін әйелдің ішіп-жейтін тамағы алуан түрлі болуы шарт, өйткені одан сүттің құрамдық бөліктері түзіледі. Оның ішетін сұйық тамағының мөлшері әдеттегісінен бір литр артық болуға тиіс.
Бала емізген кезде дұрыс отырудың зор маңызы бар, ана балаға қарай еңкеймей, орындыққа орнығып отыруы керек. Баланы бір қолға алып, астыңғы жағынан шағын орындыққа немесе қатты жастықшаға тіреген аяғымен сүйей отырады. Емшек баланың мұрнын басып тұншықтырмауын байқап отыру керек. Ол үшін емшекті екінші қолдың ұшымен көтеріңкіреп ұстайды.
Баланың емшекті тоя емген-ембегенін білуге бола ма? Бала жақсы ұйықтап, көңіл-күйі шат, әбден жайдары болып, тиісті салмағын қосып отырса, баланың емшекті тоя емгені. Егер мұнда шешесінің бір күдігі болса, оны бірден дәрігерге айтуы тиіс. Ал сонда өз шешесі баланы жарытпайтын болса, онда басқа әйелдің сүтін ішкізу керек. Ислам дінінде мұны «сүт ана» деп атайды. Артық сүт беретін адам болмаса, балаға қосымша тамақ ұсынуға тура келеді. Яғни, емшек сүтіне сәбилерге арналған жасанды сүт қосып беру керек. Басқа тамақ бергенде де емізу саны бұрынғыша қалады.
Бір есте болатын нәрсе, емшек сүтін бір сорса да, бала үшін оның пайдасы үлкен, сондықтан да қосымша тамақпен бірге баланы аз да болса емізе берген дұрыс.
Ана сүті мүлдем шықпай қалса, сүтін беретін басқа ана болмаса ғана баланы жасанды тамақпен асырауға болады. Бұл тамақты тек қана балалар дәрігері тағайындайды және сәбиді дәрігер бақылап отырады.

(с) ak-kelin.kz
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.