Қыздар қалай бойжетеді?

8-13 жас шамасында қыздардың ұрық бездерінің өсуі күшейе түсіп, олардың гормондық қызметі жетіле бастайды. Осыған байланысты қыз ағзасындағы тіршілік процестерінің тепе-теңдігі бұзылады. Көбіне оның жүйке жүйесі ұстамдылығынан айырылады. Бұрын бап-байсалды қыз аяқ астынан кейігіш боп кетеді, ұйқысы қашып немесе керісінше ұйқы басып, тамаққа тәбеті шаппайды. Мидың үлкен жарты шарының қыртысына ішкі жыныс мүшелерінен жаңа қоздырғыштар, жаңа импульстер келе бастайды.
Жыныстық қабілеті жетіліп келе жатқан кезінде ( 13 жастан 16 жасқа дейін) әйел ағзасының басқа да жыныстық белгілері қалыптаса бастайды. Аналық ұрық бездерінің қанға араласатын гормондарының әсерімен алдымен қыздың бойы тез өсіп, одан кейін жалпы денесі тола береді. Төсі білініп, жатыры үлкейеді, етеккірі келеді.
Етеккір алдында ақ шырыш көрінуі, кейде оның көп келуі мүмкін. Кейбір қыздардың жыныстық қабілеті жетіліп, етеккірі келе бастаған кезінде бетіне безеу шығады. Мұндай жағдайда бет терісінің жағдайын жақсарту үшін ішектердің жұмысы жақсы істеуі керек, бетті күтіп, таза ұстау қажет. Беттегі безеу ұзаққа созылып, тұтасып кетсе, онда дәрігер гинекологқа немесе дерматологқа көрінген дұрыс.
Етеккір алғаш келгенде, бұрын ондайды білмейтін қыздар абыржып, шошып қалады немесе оған жиіркене қарайды. Осы кезде жас қыздардың жақсы түсінігі болмағандықтан гигиеналық тәртіпті бұзатындары да көп кездеседі. Мысалы, олар суық сумен дәрет алады немесе өзенге шомылады. Осының бәрі етеккірдің келіп-кетуіне, оның мерзімінің бұзылуына үлкен әсер етеді. Етеккір келіп жүрген кезде әсіресе аяқ пен бөксе жаққа салқын тигізбеген жөн. Душ астында тұрып жуынуға (су онша ыстық болмасын) рұқсат, ал ваннаға түсіп жуынуға, моншаға баруға мүлдем болмайды.
Осындай жағдайларды ескере отырып, қыздың шешесі етеккір келер алдында ағзада болатын өзгерістер жайында оған ескертіп, жақсылап түсіндіріп қоюы керек. Әрине, қазіргі балалардың барлығы ақпаратпен қаруланған. Бұл құбылыс туралы қыздар теледидардан, ғаламтордан, құрбыларынан да біле алады. Дегенмен, анасының түсіндіруі оған басқаша әсер етеді, жеткіншек қыздың мінез-құлқының өзгеріп кетуінен сақтайды. Ана мен бала арасындағы махаббат енді сенім деңгейіне көтеріледі.
Денесі жан-жақты шынығып жетілген денсаулығы дұрыс қыздардың әдетте етеккірі мезгілімен келіп, дұрыс өтеді. Ал денсаулығы нашар, қаны аз қыздар етеккірі келе бастағанда, керісінше, мазасы кетіп, жүдеп, одан әрі арықтайды. Мынадай жағдай да кездеседі: қыздың етеккірі бір рет келеді де, сонан соң бірнеше ай бойына жоқ болып кетеді немесе оның келу мерзімі мен кеткен қанның мөлшері әр түрлі болады. Етеккір ең алғаш келгенде қан өте көп ақса немесе екі қан көрінудің арасында бес-алты ай өтіп кетсе міндетті түрде дәрігерге көріну керек.
Бұл күндері шамадан тыс дене, ой еңбегімен шұғылданбаған жөн. Сол сияқты велосипед тебуге, спортпен айналысуға, жүгіріп, секіруге болмайды. Ащы тағамдар жемеген дұрыс, себебі мұндай тағамдар жамбас қуысына қан құйылуын күшейтіп, етеккірді ұзаққа созып жібереді. Бірақ та бұдан етеккір келіп жүргенде төсекте жата бер деген ұғым тумайды. Қыз бала өзінің әдеттегі күн тәртібін бұзбауға тиіс.
Етеккірдің келіп-кетуіндегі өзгерістерді біліп отыру үшін оның келген күнін, неше күн жүргенін және басқа да байқалған өзгерістерді жазып қою керек. Кейде кәдімгі қағаз күнтізбеге етеккірдің келген-кеткен күндерін белгілеу де жеткілікті.
Қыздардың жас кезінде орын алған жыныстық ақаулар болашақта оның бала көтеру қызметінің бұзылуына әкеп соғады. Сондықтан, қызыңыз бой жетсе, қапы қалмаңыз!

(с) ak-kelin.kz
Оқи отырыңыз
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.